ҰБТ-ға 20 жыл: тестілеу арқылы білім саласында не өзгерді
Ұлттық тестілеу орталығы «ҰБТ-ға 20 жыл: тестілеу арқылы білім беруді трансформациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрілігінің басшылығы, «Educational Testing Service» ETS (АҚШ), «AQA» (Ұлыбритания), National Foundation For Educational Research (NFER) (Ұлыбритания), Dutchtestologis (Нидерланды), «TÖMER» орталығы (Түркия), Vantage Labs компаниясы (АҚШ) сынды тестология саласындағы әлемнің жетекші компанияларының басшылары мен өкілдері, Еуразия білім беру сапасын бағалау қауымдастығының өкілдері, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения елдерінің емтихан орталықтарының өкілдері, сондай-ақ бағалау технологиялары мен педагогикалық өлшемдер саласындағы отандық ғалымдар мен мамандар қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияның маңыздылығын ескере отырып, бұл шығармашылық идеяларды талқылауға, болашақты болжауға, сондай-ақ озық білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған бірегей жоба екенін атап өтті.
«ҰБТ – білім беру процесінің маңызды бөлігі. Бүгінгі таңда біздің міндетіміз – қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, алға қарай ұмтылу. Біз техниканың қарқынды дамуын толықтыру мен білімді бағалаудың жаңа тәсілдері дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, яғни уақыт талабына сай, сын-тегеурінге дайын болу маңызды», - деді министр.