Оқу-ағарту министрі «Талдау мектебі – Школа аналитики» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесті
Оқу-ағарту министрі «Талдау мектебі – Школа аналитики» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесіп, инклюзивті және арнайы білім беру мәселесін талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024 жылы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асты. Барлық білім беру ұйымдарында бірдей инклюзиялық білім берудің қажеттілігі мен маңыздылығын ескере отырып, министрліктің құрылымында алғаш рет Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды.
Сондай-ақ министрлікпен Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету, білім берудегі қиындықтарды анықтау және алдын алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде бүгінгі таңда 500-ге жуық арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағындағы мектептердің 90%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалды, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті.