Жетім балалардың тәлімгерлері психологиялық даярлықтан өтеді
Биылғы жылдың ақпан айында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тәлімгерлерін оқытуды міндеттейтін заңға қол қойылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқытуды тәлімгерлік жөніндегі ұйымдар жеке қаражаты есебінен жүргізеді.
2024 жылы Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетуге бағытталған тәлімгерлік институты енгізілген болатын. Аталған механизм білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін 10 жастан бастап өз бетінше өмір сүруге дайындауға мүмкіндік береді.
Тәлімгер болуға еліміздің кәмелет жасына толған және қорғаншыларға қойылатын талаптарға сәйкес келетін азаматтары үміткер бола алады. Міндетті оқытудан өткеннен кейін тәлімгерлерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі. Одан кейін тәлімгер, қорғаншылық және қамқоршылық органы, сондай-ақ білім беру ұйымы арасында ресми келісім жасалады.