Баланы мектепке қай жаста берген дұрыс?: мамандар кеңес берді
Мамандар баланы қай жаста мектепке беру дұрыс екенін айтты.
Елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың дерегіне сүйенсек, биыл шамамен 370 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
30 жылдық тәжірибесі бар педагог-психолог Анна Александрқызы Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде меңгеруші болып қызмет атқарады. Оның жетекшілігімен талай бүлдіршін білім ошақтарына жолдама алып, үлкен өмірге алғашқы қадамын жасаған. Тәжірибелі маман соңғы уақытта алтыға толған балаларды мектепке асығыс беруге тырысатын ата-аналардың көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Маманның айтуынша, бұл жаста баланың тек дене-бітімі ғана емес, психикасы да әлі толық қалыптасып үлгермейді.
Медеу ауданындағы жекеменшік балабақшада 135-тен астам бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 15-і бірінші қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайды
Бұл пікірді психолог Шынар Құсманқызы да қолдайды. Оның айтуынша, 6 жаста көбі мектептегі талаптарға психологиялық жағынан дайын емес. Ерте жүктеме олардың ынтасын басып, күйзеліске әкелуі мүмкін.
Бұл мәселе төңірегінде қоғам пікірі екіге бөлінген. Бірі баланы 6 жастан мектепке беруді құп көрсе, екінші тарап психологиялық дайындығы толыққан кезде, яғни 7 жаста барғаны дұрыс деп санайды.
Қазақстанда білім беру заңнамасының 31-бабына сәйкес, балалар 6 жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданады. Бұл – баршаға ортақ талап. Алайда әр бүлдіршіннің дамуы әртүрлі болғандықтан, жүйе ата-анаға белгілі бір таңдау еркіндігін де ұсынады. Егер балдырған оқу үдерісіне психологиялық не физиологиялық тұрғыда дайын болмаса, оны 7 жасқа дейін білім ордасына жіберуді кейінге қалдыруға мүмкіндік бар. Бірақ мұндай жағдайда мектепалды даярлықтан өту – міндетті шарт. Яғни, бастысы – жас көрсеткіші емес, білім жолына деген дайындығы.







