ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕМЛЕКЕТТІК БАЛАБАҚША ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БҮЛДІРШІНГЕ КҮШ КӨРСЕТКЕН
Қызылордада мемлекеттік балабақшада орын алған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Балабақша – балалардың алғашқы білім алатын және тәрбиеленетін мекемесі ретінде маңызды рөл атқарады. Алайда соңғы уақытта бала тәрбиесінде жылулық сыйлаудың орнына шапалақ тартқызып, соққының астына алатын тәрбиешілер қатары азаймай тұр. Қызылорда қалалық білім беру бөліміне қарасты №14 "Самал" балабақшасының тәрбиешісі мен күтушісі баланы тамақтандыру кезінде қасықпен аузына ұрып, оның шашынан тартқан.
Ал 2 жасар бүлдіршіннің анасының айтуынша бұл әрекет бұрын соңды да қайталанып отырыпты-мыс. Тіпті бұл жөнінде бірнеше рет балабақша меңгерушісіне де ескертіп айтқан. Тілі шықпаған балама күш көрсеткен екі қызметкердің ісін сотта қарап, арнайы баппен ендігі ретте баламен жұмыс жасамайтын болса дейді.
Бала тәрбиесінде қатыгездік танытқан қос қызметкердің әрекеті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұл жағдайдың нәтижесінде Қызылорда қалалық білім бөлімі аталған қызметкерлерді жұмысынан босатып, оларды қылмыс құрамы бойынша тергеуге жіберу туралы құзырлы органдарға хат жолдағанын атап өтті.
"Өкінішке орай, мұндай жағдай шынымен орын алған. Қазіргі уақытта тәрбиеші мен бала күтушісі арнайы баппен жұмыстан шығарылады. Іс құқықтық алаңда қаралады. Заңға сәйкес барлық шаралар қолданылады. Жауапсыз ешкім қалмайды. Қатаң шаралар қабылданатын болады.", - дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жаннат Садуақасова.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, мемлекеттік балабақшалардың қызметі мен тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін қайта қарауды талап етіп отыр.
Оқиғаға қатысты балабақша меңгерушісінің әрекетсіздігі мен тиісті шараларды қолданбауы мекеме жұмысындағы бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Бұл балабақшаның басқару жүйесінің дағдарысқа ұшырағанын, жүйелі бақылаудың жоқтығын және жауапкершіліктің таралмауын білдіреді емес пе?
Бұл оқиға тек бір балабақшадағы проблема ретінде қаралмауы керек. Оның түбінде үлкен жүйелік мәселелер жатыр. Жұмыс күшінің тапшылығы, педагогтардың кәсіби біліктілігінің төмендігі және тиісті психологиялық қолдаудың болмауы осындай оқиғалардың орын алуына себепші. Балаларды тәрбиелейтін қызметкерлердің жауапкершілігі мен кәсібилігіне күмән туғызатын осындай жағдайлардан кейін мемлекеттік мекемелер мен білім беру жүйесінің барлық деңгейінде жүйелі реформа жүргізу қажеттілігі айқын байқалады. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін педагогикалық қызметкерлерді тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да дайындау маңызды. Сонымен қатар, балабақша басқарушылары мен мемлекеттік білім беру органдарының бақылау тетіктері күшейтілуі тиіс.
Балалардың қауіпсіздігі мен игілігі үшін барлық тараптар жауапкершілікті сезініп, бірігіп жұмыс істеуі қажет.
: