Қазақстандық ару АҚШ-тың білім жүйесін жақсартуға атсалысып жүр

2 220

Фото: Kazinform26 жасында Гарвард университетінің грантын жеңіп алған Әсел Амангелді биыл университетті үздік тәмамдап, білім саласының магистры атанды. Енді АҚШ-тағы білім беру жүйесін дамыту қызметіне кіріспек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

District Management Group АҚШ компаниясының бас сарапшысы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында өз жолы, кәсіби тәжірибесі және АҚШ-тағы жұмысы туралы әңгімелеп берді.

— Меніңше, барлығы менің бала кезімде басталды. Мен кішкентай ғана Арыс қаласында тудым. Жақында сонда барып, мұғаліміммен кездесіп қайттым. Сол кісі «Сен кішкентай кезіңнен үнемі алға ұмтылатынсың. Әрқашан жаңа дүниені қалап тұратынсың», — деп айтып жатыр. Ішімдегі жақсы өмірге, сапалы білімге деген қызығушылығымның арқасында осы дәрежеге жетіп отырмын деп ойлаймын, — дейді Әсел Амангелді.

Студия қонағы Америкадағы білім жүйесін талдайтын жетекші компаниядағы жұмысын түсіндірді.

— District Management Group — АҚШ-тағы білім жүйесін жақсартумен айналысатын үлкен компания. Ол жерде мен білім жүйесіндегі балалардың орташа баллы, мектептегі мәселелер туралы 52 штатпен байланысып, бүкіл ақпараттарды жинаймын. Содан кейін оны қалай жақсарту керек, нені азайту керек, нені көбейту керегін толық талдап, стратегия құрамын, — дейді ол.

Әселге бұл қызметті Гарвардта сабақ берген ұстазы ұсыныпты.

— Бұл компанияның негізін қалаушы — менің профессорым. Гарвард Бизнес университетінде сол кісіден «Білім жүйесіндегі трансформация» деген сабақтан дәріс алған едім.Ұстазымнан күтпеген жерден осы жұмыс туралы ұсыныс алдым. Қуана келістім. Әрине, іштей қорқыныш, қобалжу болды. Бірақ ақыры соңында жұмыс істеп, тәжірибе жинаймын деген шешімге келдім. Себебі, Америкада магистратура оқыған студентке визасыз бір жыл жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Осындай мүмкіндік беріліп тұрса, неге қолданбасқа, — дейді жас маман.

Қазақстандық бойжеткен АҚШ-тағы ірі компанияда жұмыс істеу үшін 4 кезеңдік іріктеуден іркілмей өтіпті.

— Профессорым жұмысты өзі ұсынғанымен, мен толығымен жұмысқа қабылдау процесінен өттім. Жұмысқа тұру үшін сынақ төрт кезеңге созылды. Бірінші кезеңде жұмысшыға үй тапсырмасы беріледі. Маған бір қаладағы мектептердің соңғы бес жылдағы нәтижесі беріліп, соны саралап, талдау жасау тапсырылды. Сол ақпараттарға қарап отырып, мектепті дамыту стратегиясын құрдым. Екінші кезеңде компания басшыларымен сұхбат болды. Үшінші кезеңде кейс-стади өтті. Онда директор маған бір нақты кейсті берді. Мен оны оқып, есеп те шығарып, анализ де жасап, нақты шешім ұсындым. Мұның бәрі бір күннің ішінде өтті. Бірақ АҚШ-та мұндай жұмысқа қабылдау процестері әдетте 3-4 айға созылады. Ал маған барлық кезеңді бір күнге қойғандықтан, олардың маған деген қызығушылығы жоғары екенін түсіндім, — дейді арыстық ару.