«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: Қызылорда облысында білім инфрақұрылымы жүйелі дамуда

2 251

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіПрезидент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. Мәжіліс барысында өңірлердегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сараланып, Қызылорда облысындағы жобалардың орындалу қарқыны оң бағасын алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Облыста 6 900 орындық 10 жаңа мектеп салынды

Қызылорда облысында 2023 жылдан бері 6 900 оқушыға арналған 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, бүгінгі күні оның 6-ы пайдалануға берілді. Бұл жобалар оқушы орындарының тапшылығын жоюға, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешуге бағытталған.

Жергілікті бюджет есебінен қолдау көрсетілді

Жобаларды сапалы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен елеулі қаражат бөлінді:

  • 118,4 млн теңге – жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге;
  • 1,7 млрд теңге – мектептердің инфрақұрылымын толық жеткізуге (сумен, жылумен, электрмен жабдықтау);
  • 2,08 млрд теңге – іргелес аумақтарды абаттандыруға және жол салуға бағытталды.

Құқықтық рәсімдеу және қабылдау жұмыстары жүргізілуде

Салынған 6 мектептің 5-еуі әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтіп, техникалық паспорттары мен жер телімі құжаттары рәсімделіп, облыстық білім басқармасының теңгеріміне алынды.

1 мектеп – жақын күндері «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ тарапынан әкімдікке тапсырылмақ.

Қалған 4 мектептің 3-еуі – жаңа оқу жылына дейін, ал 1 мектеп – екінші тоқсанда пайдалануға беріледі.

Мәжіліс соңында Айбек Дәдебай жобалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы қажеттігін қатаң ескертіп, мектептердің инфрақұрылыммен толық қамтылуы, құқықтық рәсімдердің дер кезінде аяқталуы және оқу процесіне толық дайын болуы — басты міндет екенін атап өтті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – балалардың сапалы білім алуына жасалған инвестиция ғана емес, өңірлік дамудың ұзақ мерзімді негізі. Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда.