Мектептерде оқушылардың ас мәзірінен кейбір тағамдар алынып тасталды
Биыл Қазақстанның барлық мектебіне тамақтанудың жаңа жүйесі енгізілді. Ас мәзірін бұрын-соңды Білім басқармалары әзірлесе, қазір Денсаулық сақтау басқармалары тағамтану институттарымен бірлесе жасап шыққан. Онда калориялық мөлшерден бастап, оқушылардың жас ерекшеліктеріне дейін барлық қажеттілік ескеріліпті. Сондай-ақ қант диабеті мен аллергиясы бар балалар да назардан тыс қалмаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа ас мәзірінде, ең алдымен, балалардың денсаулығына ден қойылған. Ал жас ағза үшін пайдалы әрі сіңімді тамақтану өте маңызды. Сондықтан түскі асқа қосылатын қант пен май, тұздың мөлшері азайтылған. Сондай-ақ мәзірден шұжық, ысталған өнімдер мен тәтті шырындар, қоспалары бар тағамдар алынып тасталыпты. Олардың орнына көкөністер, жемістер мен табиғи азық-түліктер беріле бастаған. Мамандар мұндай өзгерісті енгізуге мектептердегі улану жағдайларының жиілеп кетуі себеп болғанын айтады.
Мамандар тағамдағы рационнан бөлек, оның жасалу процесі, сапасы да бақылауда дейді. Бұл мақсатта әр мектепте арнайы комиссия құрылыпты. Оның құрамына мектеп әкімшілігінің өкілі, медицина қызметкері, өндіріс меңгерушісі мен ата-аналар кіреді. Барлығы бірлесе отырып, астың дұрыс әзірленуін, қандай температурада пісірілгенін, жарамдылық мерзімін қадағалайды.
Бұдан бөлек, айына бір рет тамақтың қаншалықты желінбей қалғаны есептеледі. Бұл индекс – балалардың қандай асты ұнататынын, қандай тағамның қоқысқа кететінін көрсетеді екен.
Тексеріс басталғалы жалға алушылар тарапынан бірқатар олқылық анықталып, олардың кейбірімен келісімшарт бұзылыпты. Бақылаудан бөлек, түсіндірме жұмыстары да белсенді жүріп жатыр екен. Ал асханасы жоқ кішігірім мектептерде оқушылар тамақтанатын арнайы орындар дайындалған. Балалар сол жерде өзімен алып келген асын ішеді, қосымша пайдалы өнімдер беріледі.