Мұғалімдерді алда қандай өзгерістер күтіп тұр
Ұстаздар күніне орай Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру саласына қатысты маңызды жаңалықпен бөлісті. Ол мұғалімдердің кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстардан босатылып, оларды қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп, Үкіметке жолданғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймағамбетов мұғалімнің негізгі жұмысы – білім беру екенін атап өтті.
Мұғалімдерге жүктелетін артық міндеттер қандай өзгерістерге ұшырайды?
Қағазбастылық қысқарады
Енді мұғалім бір ғана жүйеге мәлімет енгізсе жеткілікті. Ол – Күнделік, НОБД немесе Bilimland болсын, ақпарат бірнеше рет қайталанып толтырылмайды.
Блог жүргізуге мәжбүрлеу тоқтатылады
Әлеуметтік желілерде жазба жариялау – мұғалімнің еркі. Ешкім оны Instagram не Facebook желісінде белсенді болуға міндеттей алмайды. Хабарламалар мен чаттар тек ресми оқу платформалары және электронды пошта арқылы жүргізіледі.
Жауапкершіліктің шекарасы нақтыланады
Мұғалім – тек педагог. Ол мектептен тыс жағдайлар үшін жауап бермейді. Заңда “мұғалімге тән емес функциялар” түсінігі алғаш рет нақты көрсетілді. Мұндай міндеттерге заңмен де, еңбек келісімімен де жүктелмеген жұмыстар кіреді.
Ата-анамен келісімнің рөлі артады
Мектеп пен ата-ана арасындағы келісім күшейеді. Тәрбие процесіне ата-аналар да белсенді араласуы тиіс. Бар салмақ тек мұғалімге артылмауы керек.
Құқықтық қорғаныс күшейеді
Мұғалімнің беделін түсіруге қатысты айыппұлдар артады. Сонымен қатар, заңға “педагогке психологиялық не физикалық зорлық-зомбылық жасауға жол берілмейді” деген норма енгізіледі.
Аймағамбетов бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына және ұстаздардың ұсыныстарына негізделіп дайындалғанын жеткізді. Енді бұл өзгерістер Үкімет тарапынан мақұлданса, мұғалімдердің құқықтық қорғанысы жаңа деңгейге көтеріледі.