10 тілді жетік меңгерген жас полиглот

2 509

Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасыПавлодар қаласында Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әсел Абдурахимова 10 шет тілін меңгерген жас полиглот ретінде танылып отыр,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Әселдің тіл үйренуге деген қабілеті ерте жасынан байқалған. Жеті жасында әлем елдерінің барлық астаналарын жатқа білген ол, тоғыз жасында француз тілін өздігінен үйренуге кіріскен.

“Тоғыз жасымда француз тілін өздігімнен үйрене бастадым. Он бір жасымда Павлодардағы курсқа жазылдым. Ағылшын тілін 2018 жылдан бері оқып жүрмін. Қытай тілін курстарда меңгердім, қазір HSK 3 (B1) емтиханына дайындалып жүрмін”, – дейді жас талант.

Мемлекеттік тіл мен өз ана тілі – тәжік тілінен бөлек, өзбек, орыс, испан, итальян және жапон (N4 деңгейінде) тілдерін толықтай өз бетінше үйренген. Бүгінде ол бұл тілдерде еркін сөйлей алады. Тілдерді меңгеруге түрлі халықтардың мәдениетіне деген қызығушылығы түрткі болған.

“Тілдер – мен үшін жаңа мәдениеттер мен мүмкіндіктерге ашылатын кілт. Келесі мақсатым – араб тілін меңгеріп, БҰҰ-ның алты ресми тілін толық білу”, – дейді Әсел.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, Әсел оқу үздігі ғана емес, мінез-құлқы мен еңбекқорлығымен қатарластарына үлгі болып отыр,-дейді.