Қазақстандық мектептерде маска режимі қайта енгізіліп жатыр

658
Ақтөбелік оқушылар медициналық бетпердені қайта тағуға мәжбүр. Өйткені өңірде тұмау өршіп тұр. Осыған байланысты аймақтың бас санитар дәрігері білім ошақтары мен көпшілік орындарда бетперде тағуға қатысты қаулы қабылдады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Былтырдан бері медициналық бетпердені тастап еркін тыныстап жүрген ақтөбелік оқушылар қайта тұмшалануға мәжбүр. Мектеп басшыларына санитар дәрігерлер осы санитарлық талапты енгізу туралы ұсынысын жолдапты. Онда ең алдымен, медициналық маска тағу жайы айтылған.  Дегенмен былтырғыдай ешкімді мәжбүрлей алмайды. Коронавирустан қорқып қалған жұрт баласының қауіпсіздігіне байланысты қаулыны қалтқысыз орындап та жатыр.

Өңірде тұмау тиегендердің дені – жүкті келіншектер мен балалар. Бұл дерттің коронавирусқа еш қатысы жоқ. Бірақ сақтану жолы – бір.

«Бұл қаулыда негізгі ұсыныс – мектепке келген балаларды, келмей қалған балалардың себебіне мониторинг жасау және санитария дезинфекция режимін сақтау, бетперде тағуды ұсыну», деді Ақтөбе облысының санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова. 

Тұмаудан бөлек, жедел респираторлы вирус жұқтырғандар да жетерлік. Осы айда суық тигізіп, осы дертпен ауырған 131 жүкті келіншекті дәрігерлер тіркеуге алыпты. Оның 30 шақтысы ауруханада жатыр. Ал 500-дей бала үйде емделіп жатыр. Жұқпалы дерттің тез тарауына ауа райының құбылып тұрғаны себеп дейді мамандар.