60 орындық жеке меншік мектепке 600 оқушының ақшасы бөлініп келген
Жеке меншік мектептерді қаржыландыру барысында заңбұзушылықтар анықталып, жобалық қуаты 60 орындық мектепке 600 оқушыға арналған қаржы бөлінген,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановның айтуынша, өңірлерден түскен көп шағымға байланысты Үкімет жеке меншік мектептерді қаржыландыратын орталықты Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің құзырына беру туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар қаржы бөлу процесі толық цифрландырылды.
– Бұрын өтінімдер қағаз түрінде қабылданып, конкурс жабық форматта өткізілетін. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол ашты. 12 қарашада «Орта білім» атты жаңа цифрлық жүйе іске қосылды. Енді кез келген адам онлайн режимде қанша өтінім берілгенін, неше мектеппен келісімшарт жасалғанын және қандай сома аударылғанын көре алады, – деді вице-министр.
Ержан Біржанов цифрландыру бірнеше деректер базасын біріктіргенін атап өтті. Нәтижесінде бір оқушыны бірнеше мектепке тіркеу немесе жоқ оқушыны бар деп көрсету мүмкіндігі жойылған.
– Жобалық қуаты 60 оқушыға арналған мектепке 600 оқушы тіркеліп, соған сәйкес қаржы бөлінген жағдайлар болды. Цифрлық жүйе мұндай заңсыздықтарды анықтауға және бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді, – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр бұған дейін қаржысын ала алмай келген жеке меншік мектептерге төлемдер жүргізіле бастағанын хабарлады.
– 15 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 847 мектеп цифрландырылды, 765 мектеппен келісімшарт жасалды. Оның ішінде 693 мектеп қажетті қаржыны алды. Мереке қарсаңында 46 млрд теңге төленсе, бүгінгі таңда бұл сома 48 млрд теңгеге жетті. 2026 жылы да осы цифрландырылған жүйе арқылы жұмыс істейміз, – деді Ержан Біржанов.







