Білімді ұстаз Еуропадағы қазақ балаларын тегін ана тіліне үйретуде
Астаналық мұғалім Еуропа елдерінде тұратын қазақ балаларына ана тілін тегін оқытып жүр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқушылардың жасы әртүрлі болғанымен, педагог сабақ барысында тақырыпты барынша жан-жақты түсіндіріп, балалардың қызығушылығын бірден оятады. Ұстаз бұл еңбегін өзінің азаматтық әрі кәсіби парызы деп санайды.
Педагог әлеуметтік желідегі парақшасында бұл сабақтардың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін жазған. Оның айтуынша, онлайн форматқа қарамастан, әрбір сабақ рухани жақындықты арттырып, балаларды қазақ тілінде еркін ойлауға баулиды. Сабақта түрлі шығармашылық тапсырмалар беріледі: өлең жаттау, мақал-мәтелдер үйрену, жаңылтпаш айту, рөлдік ойындар ұйымдастыру, комикс салу, отбасылық сұхбаттар жүргізу. Мұның бәрі балалардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған.
Оқушылар да сабақтардың қызықты өтетінін айтады. Германияда тұратын Сафия Серік қазақ тілінде көптеген өлең, жұмбақ, мақал-мәтел үйренгенін жеткізсе, Аида Әбжекенова тыйым сөздерді сурет арқылы бейнелеп, ұлттық ойындар ойнағандарын қуана еске алады. Балалар үшін бұл сабақтар тек тіл үйрену емес, ұлттық болмыспен байланыс орнатудың маңызды құралына айналған.
Шетелде өсіп келе жатқан қазақ балаларына ана тілін үйрету – ұлт болашағы үшін аса маңызды іс. Осы бастама арқылы Гүлжазира Бекболатқызы өзге әріптестеріне де үлгі көрсетіп, ұстаздықтың шынайы миссиясы біліммен бөлісу екенін дәлелдеп отыр.







