Қазақстан мен Өзбекстан білім беру саласындағы әріптестікті дамытуға келісті
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары аясында Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрі Эъзоза Каримовамен кездесу өткізген. Мемлекет басшылары жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың, оның ішінде мектепке дейінгі және мектеп білім беру бағытындағы ынтымақтастықтың жүйелі түрде дамып келе жатқаны атап өтілген.
Кездесу барысында педагогтердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланыстарды кеңейту мәселелері қаралған. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан оқушыларының халықаралық олимпиадаларға, білім беру форумдарына және ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысуы атап өтілген. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірген.







