Жасанды интеллект педагогика саласына енеді

2 513

Фото:© primeminister.kzПедагогикалық жоғары оқу орындарында Жасанды интеллект факультеттері ашылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Астанада Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өткізілген. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, сондай-ақ салалық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, өңірлік білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен педагогтер қатысқан.

Отырыс барысында Аида Балаева білім беру – бұл әрбір адам үшін де, қоғам үшін де өте маңызды бағыт екенін айтқан. Жаңа Конституция жобасында білім саласының мәні айқындалып, маңызды құндылық ретінде көрініс тапқанын атап өткен. Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын айтқан. Бұл құжат елдегі әрбір баланы қамтып, қауіпсіздікке, сапалы білімге, денсаулыққа, отбасыға және әлеуметтік қорғауға қатысты негізгі мемлекеттік шараларды бірыңғай жүйеге біріктірмек.

Жиында білім беру саласындағы жетістіктер де аталған. Қазақстан әлемдегі халық санына шаққанда оқушылар саны ең көп 10 елдің қатарына енген. Сонымен қатар алқа отырысында саладағы өзекті мәселелер туралы да сөз қозғалған. Осы орайда Аида Балаева мектепке дейінгі және бастауыш білім беру сапасын арттыруды тапсырған. Мектеп оқулықтарына талдау жүргізіп, оларды балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірлеу керектігін және педагогтердің біліктілігін арттыру қажеттігін атап өткен. Аида Балаеваның пікірінше, басты назарды балаларға аударып, олардың сыни ойлау қабілетін дамыту және алған білімін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру – басты міндет. Жиында педагогтерді ЖИ технологиялары саласында даярлау мәселесіне ден қойылып, мұғалімдерді қайта даярлау қажеттігі де қозғалған. Осыған байланысты барлық профильді педагогикалық жоғары оқу орындарында Жасанды интеллект факультеттерін ашу тапсырылған. Бұдан бөлек, вице-премьер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін де қайта қарау қажеттігін мәлімдеген. Атап айтсақ, қаржыландыру тетігін жетілдіру, еңбек нарығын жүйелі зерттеу және дуальды оқыту үлгісін енгізу бойынша бойынша шұғыл шаралар қабылдау тапсырылған.

Алқа отырысында инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Премьер-министрдің орынбасары ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалу керектігін ерекше атап өтті. Кадр тапшылығын шешу мақсатында бейінді кафедралар ашу, инклюзия бойынша міндетті пәндерді енгізу және педагогтерді қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берілген. Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Оқу-ағарту министрлігіне қолданыстағы оқулықтарды іріктеу тәсілдерін шұғыл түрде қайта қарап, оларды әзірлеу мен сараптау сапасын арттыруды міндет етті. Аида Балаева тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту мәселесіне де арнайы тоқталған. Бұл бағыттағы жұмыстар Президент бекіткен Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен құндылықтарына негізделуі тиіс екені атап өтілді. Жиын барысында Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасаған. Оқу-ағарту министрі былтырғы ведомство қызметінің қорытындыларына тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттарды таныстырған.