Қызылорда да мектеп оқушысы астероидтарды анықтайтын ЖИ жүйесін ойлап тапқан

2 515

Фото: ©НЗМҚызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Аяулым Тәуекел ғылым саласында елеулі жетістікке қол жеткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол физика пәнінің мұғалімі Айнұр Құрақбаеваның жетекшілігімен ғарыш кеңістігіндегі қауіпті нысандарды анықтауға арналған инновациялық жасанды интеллект жүйесін жасап шығарды. "Syntharion" деп аталатын жоба Жерге жақын ұшатын және көзге байқалуы қиын астероидтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе дәстүрлі бақылау әдістерімен табылуы қиын нысандарды талдап, олардың қозғалыс траекториясын модельдей алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект астрономиялық деректерді өңдеп, ықтимал қауіп төндіретін объектілерді жылдам анықтауға көмектеседі. Жоба авторлары жүргізген зерттеу жұмыстары барысында бұрын тіркелмеген төрт жаңа астероидтың ізі анықталған. Бұл нәтиже оқушылардың ғылыми ізденісінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, көлемі шағын астероидтардың басым бөлігі Жер атмосферасына енген кезде жанып кетеді. Алайда диаметрі үлкен ғарыш денелері жергілікті немесе жаһандық деңгейде айтарлықтай зардап келтіруі мүмкін. Олар жарылыстарға, орман өрттеріне, цунамиге және климаттық өзгерістерге себеп болуы ықтимал. Сондықтан мұндай нысандарды ерте анықтау адамзат қауіпсіздігі үшін аса маңызды міндеттердің бірі саналады.Фото: ©НЗМ
Аяулым мен оның ғылыми жетекшісі әзірлеген жоба халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. Жас зерттеушілер жуырда өткен NASA International Space Apps Challenge халықаралық байқауында үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын иеленген. Байқауға әлемнің көптеген елдерінен мыңдаған қатысушы қатысқан. Болашақта жоба авторлары Syntharion жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны халықаралық астрономиялық зерттеу бағдарламаларында қолдануға бейімдеуді жоспарлап отыр. Бұл бастама қазақстандық оқушылардың ғылым мен технология саласындағы әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.