Ауылға барып жұмыс жасайтын мамандар саны көбейді
2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Дипломмен – ауылға!" мемлекеттік бағдарламасы талай сыннан өткен, нәтижелі модель саналады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Бағдарламаның 18 жылға жуық тарихы оның нәтижелігін дәлелдеп үлгерген. 2009 жылдан бері 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алып, 52 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредитті пайдаланған. Нәтижесінде мыңдаған жас маман ауылға барып, еңбек жолын бастап, баспаналы болған.
"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы дәрігерлер үшін де үлкен демеу болды дей аламыз. Бүгінге дейін 24 мыңнан астам медицина қызметкері көтерме жәрдемақы алып, 11 мыңнан астамы тұрғын үйге арналған жеңілдетілген несие рәсімдеген. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласы бағдарламаға ең белсенді қатысқан салалардың біріне айналып отыр.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Шиелі ауданы тұрғындарымен кездесуде осы жобаның ауыл-аймақты кадрмен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.
"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы ауылдық жерлерде еңбек етіп, өңірлердің дамуына үлес қосуға дайын барлық дипломы бар маман үшін қолжетімді. Бағдарламаға қатысу үшін жас бойынша ешқандай шектеу қойылмаған. Басты талап – кәсіби біліктілік пен ауылда жұмыс істеуге деген ниет. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында тәжірибелі мамандардың ауылға келуі медициналық қызмет сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады,- деген болатын Бауыржан Омарбеков.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – маманды ауылға шақырудан бұрын, оның сол жерде тұрақтап, ұзақ жыл еңбек етуіне жағдай жасау. Сол себепті, бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы төлеумен қатар, тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру тетігі де қарастырылған. Бұл өз кезегінде шалғайдағы тұрғындар үшін кадр тапшылығын азайтып, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.







