Ыстықкөлдегі жазғы мектеп Орталық Азия мен Қытай медиасарапшыларын біріктірді

2 517

14-ші Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінде Орталық Азия елдерінің және ҚХР ғалымдары жасанды интеллект дәуірінде маман даярлау мен инновацияларды дамытудың   медиапрактикасын талқылады. 

Дәстүрлі түрде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ыстықкөл жағалауындағы спорт лагері медиасарапшылар, ғалымдар мен студенттердің қатысуымен диалог алаңы қызметін атқарып келеді. Жазғы мектептің басты ұйымдастырушылары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Орталық Азия-Қытай журналистикасын зерттеу қауымдастығы. ЮНЕСКО-ның Жаһандық медиа және ақпараттық сауат апталығына арналған бұл шара «Adyrna.kz» ақпараттық агенттігі мен «Jananews.kz» порталының ақпараттық қолдауымен «Ақылды коммуникациялар: медиа және цифрлық сауат» тақырыбында өтті. 

Шараның ашылуында Сиань Цзяотун университетінің профессоры, Журналистика және жаңа медиа мектебі хатшысының орынбасары Фэнг У халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуда Орталық Азия мен Қытай ғалымдарының бірлескен зерттеулерін атап өтті.  Атап айтқанда, алдағы оқу жылында қазақ журналистикасының тарихына қатысты оқу құралының қытай тіліндегі аудармасы таныстырылмақ.   Сондай-ақ профессор жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамыған дәуірде цифрлық және медиасауат арттырудың мәніне тоқталып, қатысушыларға кәсіби табыстар тіледі. 

Профессор Фэнг Удың ғылыми жетекшілігімен магистрант Цзябэй баяндама жасап,  жаңа медиаплатформалардың даму трендтеріне, цифрлық сторителлингтің ерекшелігіне тоқталды.   

«Adyrna» ұлттық порталының негізін қалаушы, медиасарапшы Арман Әубәкірдің шеберлік сыныбы өтті. Отандық медиаиндустрия практигі ретінде жас мамандарды кәсіби бейімдеу мәселелері тақырыбында практикум жүргізді. Спикер нақты кейстер арқылы заманауи ақпараттық агенттіктің жұмыс процесін егжей-тегжейлі талдап берді. 

Контент өндірісінің толық циклы қандай болмақ? Ақпаратты іздеу, дереккөз верификациясынан бастап цифрлық платформаларда таратудағы практикалық қадамдарды баяндаған журналист теория мен практика сабақтастығына ерекше тоқталды. Журналист дипломын алған түлектерді кәсіби бейімдеу мәселесіне назар аударды. Кәсіби медиа басшысы ретінде спикер цифрлық дәуірде жас мамандарды оқыту проблемаларын атап өтпестен, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Жедел жаңалықтармен жұмыс істеу, цифрлық гигиена және фактчекинг саласында кадрлар даярлау ерекше жауапкершілікті талап ететінін айтты. Ғалымдар «Adyrna.kz» порталының жетекшісіне Жазғы мектепті ұйымдастырудағы және өткізудегі ақпараттық қолдауы үшін ризашылық білдірді. 

Визуалды контент дайындаудағы медиаэтика мәселелеріне арналған шеберлік сыныбын саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева өткізді. Ол медиадағы «визуалға бетбұру» (Visual Turn), қысқа видеолар (Reels, TikTok, Shorts) трендін және жасанды интеллект дәуіріндегі дезинформациямен күрес жолдарын талдады. Практикалық  дәрістер қатарын SDU Университетінің қауымдастырылған профессоры Әйкерім Әлімжанованың авторлық бейнеконтент пен визуалды сторителлинг жасау методологиясы толықтырды. 

Орталық Азия елдерінің медиапрактикасы мен аймақтық ерекшеліктеріне арналған сессиялар барысында өзекті практик-кейстер қаралды.  Қырғызстандағы БАҚ шағымдарын қарау комиссиясының төрайымы Тамара Валиева жалған ақпаратпен күресте және журналистердің құқығын қорғауда медиасауаттылықтың рөлін ерекше атап өтті. К. Карасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Әсел Эшимканова цифрлық мәдениет пен қауіпсіздік бойынша тренинг өткізді. 

Тәжікстандағы Бохтар мемлекеттік университетінің доценті Дилором Махкамзода журналист тәжірибесіндегі ЖИ құралдарын пайдалану (Speech-to-Text, диалектілерді тану) және баспасөздегі аударма мәселелеріне тоқталды. 

Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбек ұлттық университетінің профессоры Якутхон Маматова Өзбекстанның медиасауат жөніндегі Ұлттық стратегиясын және когнитивті төзімділік концепциясын таныстырды. 

Ыстықкөлдегі Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебі сарапшылары академиялық зерттеулер мен практикалық тәжірибені үйлесімді түрде ұштастыру арқылы ғана медианы дамытуға болатынын атап өтті.