Қызылордада түлектерге арналған әкім гранты тоқтатылды
Қызылордалық түлектерге арналған әкім гранты берілмейтін болды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мектеп бітірген ұл-қызы мемлекеттік білім грантына ілінбей қалған қызылордалықтар үшін облыс әкімінің гранты үлкен қолдау еді. Алайда биыл ол берілмейтін болды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдегендей, биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 160 грант пен жеңілдік (оның ішінде 100% — 20, 50% — 10, 25% — 60, 10% — 70) және «Қазақстан халқына» қорынан 12 грант қарастырылған.
— Мұндай гранттар республикадағы жоғары оқу орындарындағы талапкерлер үшін де қарастырылған. Атап айтқанда, ректор гранттары бөлініп, «Қазақстан халқына» қоры тарапынан қажет мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына білім гранттары ұсынылып келеді. Осыған байланысты әлеуметтік қолдау шараларын біріздендіру нәтижесінде облыс әкімінің әлеуметтік осал санаттағы мектеп түлектеріне арналған білім гранты биылдан бастап тоқтатылды, — делінген хабарламада.
Басқарма гранттар мен жеңілдіктердің талабы туралы толық ақпарат алу үшін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жүгінуге шақырды.
Қаз
Рус






