Алматыда курсант сабақ кезінде оқ жарақатын алды

264
Алматыдағы Құрлық әскерлері Әскери институтында курсант сабақ кезінде жарақат алды. Бұл жайтқа қатысты еліміздің Қорғаныс министрлігі пікір білдірді. Ведомство өзінің Telegram-каналында оқиғаның мән-жайын айтты. 

Министрліктің мәліметінше, оқыс оқиға 20 шілдеде Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болған. 


Диверсияға қарсы қауіпсіздік сабағында курсанттардың бірі қаруды қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларын бұзып, еріксіз автоматты түрде оқ атылған. 


Оқ басқа курсанттың аяғына тиген. Зардап шегуші жедел түрде Алматы қаласының әскери клиникалық госпиталіне жеткізілген. Мекемеде оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде екен.


 Ведомство курсанттың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын атап өтті.
 Осы ретте Қорғаныс министрлігі оқиғадан ата-аналар хабардар екенін айта кетті. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.