«Бір видеосы 7 миллион теңге»: қазақ тілі мұғалімі болған жігіт Forbes-ке шықты
Қазақстандық 28 жастағы видеограф әрі блогер Дастан Мұхамедрахымның табыс тарихы әлемге танымал Forbes журналының назарына ілікті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық басылым отандық контентмейкер туралы «World of Forbes» айдарында арнайы материал жариялады.
Forbes мәліметінше, Дастанның жетістікке жету жолы бірден басталмаған. Ол бұған дейін қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Бүгінде ол әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлерін әлемге танытып жүрген танымал видеографтардың біріне айналған. Блогердің Instagram парақшасына 2,1 миллион адам жазылған. Ол бес адамнан тұратын командасымен бірге контент дайындайды. Олардың қатарында «Kaspi.kz», «Air Astana» және «Turkish Airlines» секілді ірі компаниялар бар.
Forbes жариялаған мәліметке сәйкес, Дастанның Instagram парақшасында бір жарнамалық бейнеролик орналастыру құны 15 мың АҚШ долларынан басталады. Бұл оның әлеуметтік желідегі аудиториясы мен контентінің коммерциялық сұранысқа ие екенін көрсетеді. Айта кетейік, Дастан Мұхамедрахым биыл Forbes Kazakhstan басылымының «30 жасқа дейінгі 30» рейтингіне енген. Ол «Медиа» санатында ұсынылған. Сонымен қатар 2026 жылы WIBA Awards халықаралық сыйлығының «Үздік тревел-блогер» аталымын жеңіп алған.
Бұған дейін туған елінің табиғатын камера арқылы әлемге танытуды мақсат еткен видеограф Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында Қазақстанның барлық табиғи көрінісін түсіріп шықпайынша тоқтамайтынын айтқан. Осылайша, кезінде мектепте сабақ берген Дастан Мұхамедрахым бүгінде қазақстандық табиғатты халықаралық аудиторияға танытып жүрген танымал контентмейкерге айналды.
Қаз
Рус






