БҒМ смартфон ұстап ҰБТ тапсырған әкімнің ұлы жайлы пікір білдірді

417
БҒМ ұлттық тестілеу орталығының директоры Қарағанды облысындағы аудандардың бірінде әкімнің ұлы смартфонмен отырып ҰБТ тапсырғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді.

БАҚ өкілдері Дидар Смағұлов жақында Қарағанды облысындағы әкімнің ұлы ҰБТ-ны смартфон ұстап тапсырғанын айтқанын еске салды.

"Мұны камералар түсірген, яғни, бейнежазба бар. Кабинетте кезекшілер болған, бірақ оған ешкім тиіспеген, дабыл қақпаған. Бәрі жанынан өтіп кеткен. Ал оның нәтижелерін қазір жоққа шығара алмайды, себебі өте кеш анықталған. 

Осыған байланысты сұрақ: министрлік оқиғаға қатысты ішкі тексеріс жүргізіп жатыр ма, жауапқа кім тартылды, жанынан өтіп кеткен кезекшілер жазаланды ма, алдағы уақытта мұндай жайттың қалай алдын алмақсыздар?",- деп сұрады тілшілер. 

Дидар Смағұлов оқиғаның 2019 жылы болғанын түсіндірді. 

"Өкінішке қарай, ол уақытта нәтижені жоққа шығаруға мүмкіндік болмады. Жалпы бұл жайтқа ережелердің жетілмеуі әсер еткен еді. Қуанышымызға орай, 2020 жылдан бастап ережелеріміз басқаша жұмыс істейді (Егер тест тапсырушыдан тыйым салынған заттар табылса, тест нәтижесі жоққа шығарылады- ред). 

Ал кезекшілерге байланысты ішкі жұмыстар жүргіздік, олар өкілдер (комиссия- ред) құрамынан шығарылды, енді ешқашан ҰБТ-ға қатыса алмайды. Ол жағдай бойынша қорытынды шығардық. Дегенмен, баласы мен әкесін жауапкершілікке тарту туралы айту қате. Өйткені, оқиға 2019 жылы болған",- деді ол.