Мұғалімдерді газетке жаздырып, көше сыпыртқан 700-ге жуық басшы жазаланды

413
Былтыр елімізде мұғалімдердің құқығын бұзған басшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Tengrinews.kz-тің Instagram желісіндегі парақшасында өткен тікелей эфир барысында айтты деп жазды turkystan.kz.

Бүгінде педагогтерге жағдай жасалуда. Әрине, біріншіден, ол – жалақының көбеюі. Бүгінде қысқа уақыт ішінде орташа алғанда жалақы 2 есе өсті. Екіншіден, қағазбастылықпен күрес. Біз қажет бұйрықты қабылдадық. Яғни, мұғалімде күнделікті толтыратын тек екі құжаты болуы керек. Әрине, бұл бұйрықты бұзатын басшылар да бар. Оларды жауапкершілікке тартып жатырмыз. Былтырдың өзінде бұған жол берген 700-ге жуық басшы жазаланды. Бұл министрлік осы мәселемен күресіп жатқанын көрсетеді», – деді Асхат Аймағамбетов тікелей эфир барысында.

Министрдің айтуынша, мұғалімдерді бөгде жұмыстарға тарту, газет-журналдарға жазылуға міндеттеу, көше сыпырту сияқты мәселелер бар. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында алдағы уақытта бұл мәселелер жойылмақ.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 31 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қол қойған болатын.