Атырауда жабылуға тиіс ұлттық қыздар мектебі апелляциялық сотта жеңілді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ұлттық қыздар мектебінің білім беру қызметін тоқтату туралы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, азаматтық істер жөніндегі сот алқасында «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС апелляциялық шағымы қаралған.
Серіктестік шағымында сот материалдық құқық нормалары дұрыс қолданбағанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды сұраған.
«Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС мектепке дейінгі сыныптарға арналған ұйым ретінде тіркелген. Алайда, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ЖШС тиісті лицензиясыз мектеп жасындағы оқушыларға білім беру қызметімен айналысқан. Осылайша, «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС тарапынан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамасын бұзуға, атап айтқанда лицензия болмаған кезде қызметті жүзеге асыруға жол берілді. Осыған байланысты Атырау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС-нің білім беру қызметін тоқтату туралы сотқа жүгінді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС-нің білім беру қызметі тоқтатылды, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген серіктестік басшылары апелляциялық шағым түсірген.
Іс апелляцияда жауапкер ЖШС-нің апелляциялық шағымы бойынша қаралды. Ол сотпен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, бірінші саты соты шешімінің күшін жоюды сұрады. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексерді. Аталған істі қарау барысында бірінші сатыдағы сотпен материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Бірінші сатыдағы сот іс бойынша дұрыс, заңды және негізді шешім қабылдаған деген қорытындыға келді. Сот шешімінің күшін жоюға негіздер анықталмады. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды, - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ұлттық қыздар мектебі сот шешімімен жабылғанын жазған едік.