Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы атанды

544

Фото: Қуаныш Мағауин.Астаналық мұғалім Apple компаниясының Swift бағдарламалау тілі бойынша сертификатталған оқытушысы атанды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің педагогі Қуаныш Мағауин Apple курстарынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырған. Сөйтіп, қазақстандық мұғалімдер арасында алғаш болып сертификат алды. Қуаныш Мағауин Германия, Ирландия, БАӘ, Мысыр, Үндістан және басқа да елдердің педагогтерімен бірге оқыды. Айта кетсек, Apple компаниясы оқытушыларға арналған «Apple Certified Trainer» курстарын жыл сайын өткізеді. Енді информатика пәнінің мұғалімі Қ.Мағауин әлемнің үздік әзірлеушілері білім саласындағы жаңа жобаларын таныстыратын Apple Education эксклюзивті іс-шараларына қатыса алады. 


«Қазақстан электронды оқулықтар мен күнделіктер қолданатын, сондай-ақ емтихандар мен олимпиадаларды онлайн форматта өткізетін санаулы елдердің қатарындамыз. Apple курстарында Swift бағдарламалау тілі арқылы мобильдік қосымшаларды жасау негіздерін үйрендік. Тәлімгерлер дәрісті ағылшын тілінде өткізді. Менің тобымда негізінен қосымшалар жасауда мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Ал мен топтағы жалғыз мұғалім болдым. Барлық емтиханды тапсырып, Apple оқытушысы мәртебесін алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта мектепте оқушыларға арналған мобильдік қосымшалар дайындау бойынша курстар өткізіп, әріптестеріммен тәжірибе бөлісуді жоспарлап отырмын», – дейді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.



 Мәлім етілгендей, педагог Қуаныш Мағауиннің арқасында Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі өзі жұмыс істейтін мектепке де автоматты түрде берілді. Енді елордадағы Республикалық физика-математика мектебі Swift қосымшасын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушыларды сертификаттап, оқу орнында Apple classroom зертханасын аша алады.