Қазақстанда балабақша мен колледждерде медиация қызметі енгізіледі
ҚР Оқу-ағарту министрлігі барлық мектепке дейінгі, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация жүйесін іске қосуда. Бұл бастама балалар, студенттер, педагогтар мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа құрылым буллингтің алдын алуға бағытталады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларына жол бермеуге және білім алушылар арасындағы қақтығыстарды азайтуға септігін тигізеді.
Жұмыс барысы біркелкі болуы үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен ережелер негізге алынады. Онда дауларды шешу мен агрессияның алдын алудың нақты жолдары көрсетілген.
Айта кетейік, мұндай тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында енгізілген болатын. Ол дау-дамайлардың алдын алуда және оқушылар арасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруда өз тиімділігін дәлелдеген.







