Қызылордада мектеп формалары жәрмеңкеде сатылып жатыр

209

Фото: Opennews.kzБүгінде Қызылордада мектеп формалары жәрмеңкеде сатылып жатыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 Биыл Қызылордадағы жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы өңірде оқушыларға арналған мектеп формасын тігіп, төмен бағамен ұсынып жатыр. Ол үшін Қызылорда қаласында және аудандарда жәрмеңке ұйымдастырылуда. Тамыз айының 5 күні басталған жәрмеңке қыркүйектің 5-не дейін жалғасады.
Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Дина Махатова жергілікті кәсіпкерлер мектеп формасын тігуді 2019 жылы қолға алғанымен пандемия салдарынан бұл бастама тоқтап қалғанын жеткізді. Биыл қайта жандандырып жатыр екен.

«Мен басшылық жасайтын «Ас-кА» ЖШС-де 44 қызылордалық жұмыс істейді. Осы оқу жылына ер балаларға арналған 1000 дана, қыз балаларға арналған 2000 дана мектеп формасын алдын ала тігіп, дайындадық. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен Қызылорда қаласындағы А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің жанында бір айлық жәрмеңкені өткізіп жатырмыз. Қауымдастық атынан әзірге тұрақты 4 кәсіпкер тауарларын ұсынып отыр. Олар: «Ас-кА» ЖШС, «SapaKa» жеңіл өнеркәсіп орталығы, «Ақжүрек», «Бебіаиша» тігін шеберханалары. Қызылорда қаласынан өзге аудандарда көшпелі жәрмеңке ұйымдастырудамыз. Осыған дейін Жаңақорған ауданында өтті, 19 тамызда Қармақшыда, 20 тамызда Қазалыда өтеді»,  деді кәсіпкер Дина Махатова.

Жергілікті кәсіпкерлер маталарды Түркия, Қытайдан алдырып жатыр. Дина Махатова материалдардың барлығы да Оқу-ағарту министрлігі қойған талапқа сай келетінін, арнайы сертификаттары алынғанын атап өтті.
Мектеп формаларының бағасы нарық бағасынан анағұрлым төмен. Жейделер 2000-3000 теңгеден басталады. Ер балаларға арналған костюм, шалбар, жакеті 10 000 теңгеден. Жәрмеңкеге қатысып жатқан кей кәсіпкерлерде 5000-7000 теңгеден ұсынып жатқандары да бар екен.

«Жоғары сапалы формаларды сұрап жатқан ата-аналарға да ұсынарымыз бар. Ең қымбат мектеп формасы бізде 16 мың теңге. Тігіп жатқан формаларымызда барлық жас пен өлшемді қамтып отырмыз. Біздің өнімдеріміздің сапасын көрген көрші облыстағы ата-аналар да тапсырыс беріп тіктіріп жатыр. Мәселен, қазір біз Қызылордадан өзге Алматы облысының тапсырыстарын да орындап жатырмыз», – деді «Ас-кА» ЖШС директоры Дина Махатова.

Жергілікті тауарөндірушілерге тапсырыс бергісі келетіндер үшін кәсіпкерлердің байланыс нөмірлері:

  • «Ас-кА» ЖШС, 8 777 752 57 42, 8 771 692 40 48, 8 777 271 18 07;
  • «SapaKa» жеңіл өнеркәсіп орталығы, 8 708 156 93 50;
  • «Ақжүрек» тігін шеберханасы, 8 777 174 78 87;
  • Бебіаиша» тігін шеберханасы, 8 707 274 6609, ‎8 777 374 6609.