Әр бала білімді және үйлі болсын: «Келешек» жобасы туралы ата-ана нені білуі керек

2 156

Коллаж: Kazinform/ DALL-E Әр ата-ана перзентіне сапалы білім беруді, мүмкіндік болса баспанамен қамтуды өзінің басты міндеті санайды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Әлемнің түрлі елінде де баланың болашағына арналған білім депозиттері кеңінен қолданылады. Қазақстан Үкіметі бұл бағытта қалыс қалмай, «Келешек» ерікті депозит құралын ұсынып отыр. Бала 18 жасқа толғанша жыл сайын жарна салып, мемлекет пен банктердің сыйақылары мен бастапқы білім капиталын алып, 8-8,5 миллион теңге қаражат жинауға болады. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ермек Мақаш «Келешек» жобасы туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.


2040 жылға қарай мемлекеттік білім гранты тапшы болады

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құруды тапсырған еді.

"Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.", − деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Расында да, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне едәуір жүктеме артылады.