"Балымды кемітіп, байқаудан туысын өткізіп жіберді": Қызылорда облысында жұмысқа бөлесін алған мектеп директорының басы дауға ілікті

498

Қызылорда облысында ұстаз бос орынға арналған мемлекеттік конкурстың әділетсіз өткенін айтып, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Фото: https://stock.adobe.com/uz/search/images?k=sad+teacher&asset_id=459585098


Оның сөзінше, білім ордасының басшысы байқаудың нәтижесін өзгертіп, жұмысқа туысын алған.


ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, мұғалімдер мектепке енді арнайы конкурспен қабылданады. Бұл білім саласында жемқорлықты жою үшін тәжірибе енгізілген өзгеріс болатын. Алайда жаңа бастама "бармақ басты, көз қысты" әрекетін тыюға қауқары жетпейтіндей. Мемлекеттік конкурс "әділетсіз өтті" деп шағымданған ұстаздың жанайқайы туралы "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ләззат Бақтыбаева өзінінің Facebook парақшасына жариялады. Қоғам белсендісі байқау Сырдария ауданындағы №135 мектепте өткенін жазады. 


"Бастапқы әскери және технологиялық даярлық" пәнінің оқытушысы бос лауазымы бойынша конкурс жарияланған. Шағымданушы сол конкурсқа құжаттар өткізіп, конкурстық комиссия отырысына 2022 жылдың 29 тамыз күні қатысқан. Комиссия мүшелері бағалау парағы бойынша шыққан 12 балды негізсіз 3 балға кемітіп, екінші үміткерге 11 балл қойып, мектеп директорының бөлесін өткізіп, жұмысқа орналастырып жіберген", - деп жазады қоғам белсендісі. 


Мемлекеттік конкурстан сүрінген ұстаз Ғазиз Бағдатов Сырдария аудандық білім бөлімі басшылығына шағым түсірген. Арыз негізінде аппеляциялық комиссия құрылып, байқау парақтарын бағалау  жұмыстары қайтадан жүргізілген. Кемшіліктер анықталғанына қарамастан, бірінші комиссия шешімі өзгеріссіз қалыпты.


Stan.kz тілшісі аталған мәселеге қатысты Сырдария аудандық білім бөліміне сұрау салған болатын.


"Шағым бойынша апелляциялық комиссия қарау нәтижесімен мектеп жанындағы конкурстық комиссияның үміткерлерді бағалау парағындағы балдарын есептеу кезіндегі кемшіліктерін анықтады. Осыған сәйкес, мектеп жанындағы конкурстық комиссия үміткерлердің бағалау парақтарын қайта қарап, Ғ. Бағдатовқа 15 балл, А. Ақылбековке 16 балл қайта есептелді. Алғашқы комиссия шешімі күшінде қалды. Аппеляциялық  комиссияның қарауымен анықталған кемшіліктерге жол берген тиісті комиссия  мүшелерінің тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады", - деді аудандық білім бөлімінің өкілдері


Айта кету керек, Қызылорда облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі жұмысқа жаңадан қабылданған мұғалім мектеп директорының бөлесі екенін растады. Ал конкурстан өтпеген ұстазға комиссия шешімімен келіспеген жағдайда құзырлы органдарға шағымдануға құқылы екені түсіндіріліпті.