Баласын ауруханаға жеткізу үшін жылдамдықты асырған анаға сот кешірім берді
Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жылдамдықты асырып айыппұл салу туралы қаулының күшін жойды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құқықбұзушылық 2025 жылдың 16 қыркүйегінде тіркелген. Қала тұрғыны белгіленген жылдамдықты 10–20 шақырымға асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот отырысы барысында азаматша өз әрекетін мәжбүрлі жағдаймен түсіндірді. Оның айтуынша, сол күні эпилепсиямен ауыратын ұлының тырысуы басталып, жағдайы күрт нашарлаған. Анасы баласын шұғыл түрде ауруханаға жеткізу мақсатында жылдамдықты арттырған.
Істі қараған судья сот материалдарын зерттей келе, әйелдің әрекеттерін мәжбүрлі жағдай ретінде бағалады. Яғни, жүргізуші жылдамдықты баласының өмірі мен денсаулығына төнген тікелей қауіптің алдын алу мақсатында асырған.
Мұндай жағдайлар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 37-бабында қарастырылған.
Осыған байланысты, сот айыппұл салу туралы қаулының күшін жойып, істі өндірістен тоқтату туралы шешім қабылдады. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Сот мамандары азаматтарға егер айыппұл қаулысымен келіспесе немесе құқықбұзушылықтың болмағанын дәлелдейтін негіздері бар деп есептесе, шағым түсіру құқығы бар екенін еске салады.
Шағым берудің қолжетімді тәсілдері:
- eGov және eOtinish электронды платформалары арқылы;
- Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) жүйесі арқылы;
- Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөліміне жеке өтініш беру арқылы.
Балама нұсқалар:
- Жоғары тұрған органға шағым түсіру;
- Айыппұлды сот тәртібімен даулауға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, айыппұл қаулысы шыққан күннен бастап 7 күн ішінде төленсе, оның 50% жеңілдікпен өтелетіні де атап өтілді.







