Арзан вакцинаның кесірінен балалар ауруға шалдығады - министрлік түсініктеме берді

2 526

Фото: АзертаджДенсаулық сақтау министрлігі «Әңгіме бар» подкастында журналист Айнұр Асанбердімен болған сұхбатта Нархоз университетінің профессоры ретінде таныстырылған Күлзада Әбенованың вакцинаға қатысты айтқан пікірлері шындыққа сәйкес келмейтінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Министрлік Нархоз университетінің профессоры ретінде таныстырылған Күлзада Әбенованың «балалар арзан вакциналар салдарынан ауырып жатыр» деген сөздерін ресми түрде жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, бұл мәліметтер – жалған әрі қоғамды адастырады.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне енгізілген барлық вакциналар бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық және ұлттық сараптамадан өтетінін атап өтті. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына толық сәйкес келеді, ұлттық заңнамаға сай тіркеліп, қолдануға рұқсат етіледі.

Министрліктің мәліметінше, вакциналарды сатып алу барысында баға емес, тек сапа, қауіпсіздік және тиімділік басты назарға алынады. Сатып алу кезінде вакцинаның ДДҰ-ның алдын ала біліктілігінен өтуі немесе қатаң реттеу жүйесі бар елдерде тіркелуі, клиникалық зерттеулердің нәтижелері, GMP халықаралық стандарттарына сәйкестігі және тіркеуден кейінгі қауіпсіздік мониторингі ескеріледі.

Ведомство «вакциналар балаларда ауру туындатады» деген пікірлердің ғылыми дәлелі жоқ екенін және көпжылдық халықаралық зерттеулерге қайшы келетінін баса айтты. Керісінше, иммундау жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді айтарлықтай азайтып, мыңдаған ауыр асқынудың алдын алған.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 34 жылда ұлттық иммундау саясатының арқасында эпидемиялық паротит 100 еседен астам, А гепатиті 32 еседен аса, ал В гепатиті 92 есеге төмендеген. Сонымен қатар, балалар арасындағы қызылша дерті 90 пайыздан астамға, қызамық пен паротит 95 пайызға азайған. Полиомиелит 1996 жылдан, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген.

Министрлік медициналық білімі мен кәсіби құзыреті жоқ адамдардың мұндай мәлімдемелер таратуы ата-аналардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтіріп, балалардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

Қазақстанда фармакологиялық қадағалау жүйесі тұрақты жұмыс істейді. Әрбір тіркелген жағымсыз жағдай мамандар тарапынан мұқият зерттеліп, қауіп анықталған жағдайда жедел шаралар қабылданады.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми дереккөздерге, дәрігерлердің кеңесіне және дәлелді медицинаға сүйенуге, сондай-ақ балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.