Қызылордада оңалту көмегін қаржыландыру көлемі 1,5 есе артқан

2 506

Фото: ӘМСҚ Қызылорда облысы филиалыОсы жылдың алғашқы төрт айында Қызылорда облысындағы күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 3 912 пациент медициналық оңалтудан өткен. 13 789 амбулаториялық оңалту қызметі көрсетілген. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Әбдусәметов мәлімдеген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында өңірде оңалту көмегін қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді.

Егер 2022 жылы оңалту көмегіне 2,7 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржыландыру көлемі бір жарым еседен астам өсіп, 4,1 млрд теңгеге жетті. Биылғы төрт айда медициналық оңалту қызметін көрсетуге 1,2 млрд теңге бағытталды, – деді филиал басшысы.

Медициналық оңалту пациенттерге ауыр сырқат, жарақат және хирургиялық араласудан кейін ағзаның жоғалған функциясын қалпына келтіруге, күнделікті өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді.

Көптеген адам мұндай көмекті қымбат әрі қолжетімсіз деп есептейді. Алайда медициналық көрсетілім болған жағдайда ем тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде негізгі ауруды, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды емдеу кезінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аурулар мен проблемалардың халықаралық жіктемесі бойынша аурулар тізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі, – деді Жақсылық Әбдусәметов.