Дәрігерлер қазақстандықтарға қауіпті инфекция туралы ескерту жасады
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға менингококк инфекциясының алдын алу бойынша ұсыныстар әзірледі,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Менингококк инфекциясы – жедел менингит (ми қабықтарының қабынуы), менингококк сепсисі (қанның инфекциялануы), кейде назофарингит (мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы) түрінде көрінуі мүмкін жұқпалы ауру.
Белгілері
Алғашында кәдімгі суық тиюге ұқсас белгілер байқалады:
мұрыннан су ағу;
жөтел.
Одан кейін аурудың негізгі белгілері пайда болады:
дене қызуының 38–40 градусқа дейін көтерілуі;
кенеттен құсу;
қатты бас ауруы;
бастың шалқайып, аяқтың ішке қарай бүгіліп, ішке тартылуы;
басты кеудеге қарай еңкейткенде қарсылықтың байқалуы;
басқанда жоғалмайтын, жұлдыз тәрізді күлгін-қызыл бөртпенің пайда болуы.
Ауру ауа-тамшы жолы арқылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде жұғады. Мамандардың айтуынша, бұл инфекциямен көбіне бір жастан екі жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі жастар ауырады. Аурушаңдық қыс-көктем мезгілінде артады.
Менингококк инфекциясы кереңдікке, балалардың ақыл-ой дамуының тежелуіне, сирек жағдайларда сал ауруына әкелуі мүмкін.
Алдын алу шаралары
денені қатты тоңдырмау;
адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
күн тәртібі мен тамақтану режимін сақтау;
суық тиген жағдайда медициналық маска тағу;
бөлмені үнемі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу;
науқаспен байланыста болған жағдайда 10 күн бойы медициналық бақылауда болу.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті менингококк инфекциясы кезінде өз бетінше емделуге болмайтынын ескертеді.
Қаз
Рус






