Облыс әкімі Төтенше жағдайлар министрімен кездесті

84

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Юрий Ильинмен кездесті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Басқосуда өңірге қатысты бірлескен жұмыстар талқыланды. Оның ішінде Сырдария өзенінде қорғаныс бөгеттерін салу және қалпына келтіру, өрт сөндіру бекеттерін орнату, құтқару жабдықтары мен арнайы техника сатып алу мәселелерін пысықтады. Бұл бағыттарда қаржыландыру тетіктерін қарастыру арқылы жұмысты үйлестіру барысы сөз болды.

Айта кетейік, министр жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесулер өткізіп, тұрғындардың сауалына жауап берді.

Жұмыс сапары барысында Юрий Ильин Қызылорда қаласында «112» Бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметінің жұмысымен танысып, Қызылорда су торабының күрделі жөндеу жұмысын саралап, аймақтық гарнизондағы жеке құраммен кездесті.

Сонымен қатар, ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті.Ведомство басшысы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі шаралар, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қысқы кезеңге дайындық, сондай-ақ ТЖМ қызметінің негізгі бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Юрий Ильин өз сөзінде депутаттарға, әкімдікке және БАҚ өкілдеріне төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою бойынша іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. 
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, ведомствоның негізгі міндеті табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою болып табылады. Оны іске асыру үшін республика бойынша тұрақты түрде іс-шаралар кешені жүргізіледі. Атап айтқанда, су тасқыны, сел мен жер сілкіністерінің болу қаупін барынша азайту, өрттер профилактикасы, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар мен инциденттердің алдын алу, сондай-ақ азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жұмысын және дамуын қамтамасыз ету.

Нәтижесінде 10 айда ТЖ кезінде қаза тапқандар саны 26%-ға азайды немесе 570 адамды құрады. Ел бойынша 11 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелді. ТЖМ бөлімшелері 70 мыңға жуық шығуды жүзеге асырды, шамамен 22 мың адам құтқарылды және эвакуацияланды, зардап шеккен 4 мыңнан астам  адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар ТЖМ басшысының хабарлауынша, өңірдегі жағдай тұрақты. Басты көрсеткіш төтенше жағдайлар кезінде адам шығынының төмендеуі болып табылады. Мәселен, 2022 жылдың 10 айында облыс бойынша қаза тапқандар саны 37%-ға қысқарды (22 адам қаза болды), 400-ден астам төтенше жағдай тіркелді.

«Төтенше жағдайлардың басым бөлігі техногендік сипатқа ие, бұл тұрғын үй секторындағы және көліктегі өрттер, ал күн суытқалы бұл көрсеткіш артып келеді. Өздеріңіз білетіндей, 1 қазанда елімізде жылыту кезеңі басталды», — деді Ю. Ильин.

ТЖМ басшысы жыл сайын жылыту маусымы басталмас бұрын қыс мезгілінде адам өлімін азайту бойынша шаралар қабылданатынын атап өтті. 
Бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттарға назар аударылады, бұл – көпбалалы отбасылар, мүгедектер, зейнет жасындағы азаматтар. Қызылорда облысы бойынша осындай 7,5 мыңға жуық азамат есепте тұр. Әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп оларға атаулы көмек көрсетіледі. Мысалы, жергілікті атқарушы органдар мен демеушілік көмек есебінен олардың үйлерінде өрт датчиктері орнатылады. Соңғы мәліметтер бойынша көпбалалы отбасылардың тұрғын үйлерінде 1200-ден астам құрылғы қойылды.

Жыл бойы табиғи және тұрмыстық өрттердің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта ТЖМ қызметкерлері тұрғын үй секторында рейдтер ұйымдастырып жатыр. Бұл ретте төтенше жағдайлар министрі қарапайым тұрғындардың үйдегі бұзушылықтар үшін жауапқа тартылмайтынын атап өтті. Азаматтарға жылу беру кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріледі және пеш орнату, электр және газ жабдықтарын пайдалану бойынша кеңес беріледі.

«Облыс бойынша 37 мыңнан астам тұрғын үйді аралау жүргізілді, мыңға жуық (937) бұзушылық анықталды, сол жерде 800-ден астамы жойылды, қалғандары бойынша ұсынымдар берілді. Күнделікті өмірде ең көп таралған бұзушылық – бұл мерзімі өткен газ баллондарын пайдалану және оларды пештің жанына қою. Газ жабдықтарының ақауы қайғылы жағдайларға әкеп соғады», — деді ТЖМ басшысы.

Төтенше жағдайлар министрлігі газ-техникалық қызметтердің өңірлік инспекторларымен бірлесіп тұтынушылармен және газ толтыру станцияларының иелерімен газ жабдықтары мен тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Бұл ретте Юрий Ильин тұрғындарға жанармай құю бекеттерінде газ баллондарын құюға заң бойынша тыйым салынғанын ескертті. Ал ережелерді сақтау өзіңізді және балаларыңызды өрттен және көміртегі тотығымен уланудан сақтайды.

Сонымен қатар Юрий Ильин қысқа дайындық мәселелеріне тоқталды. Қызылорда облысы елдің батысы мен оңтүстігінің арасында орналасқан. Өңір арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы өтеді, ал «Қызылорда – Жезқазған» жолы орталық бөлігімен қосады. 

«Көбінесе қыста автомобиль жолдары қар құрсауында қалады. Облыс бойынша жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайтын 4 қар басуы ықтимал учаске анықталды, бұл Арал ауданы және Ұлытау облысы бағытындағы жол учаскелері», — деді ол.

Биыл қараша айында «Қыс» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда. Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінің, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтердің күштері мен құралдарының қысқы кезеңнен өтуге дайындығы тексерілетін болады.

Сондай-ақ Юрий Ильиннің мәліметінше, облыс бойынша 300-ден астам түрлі техника мен 700-ге жуық адам дайын, 10 жылыту пункті және 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді, сондай-ақ олар жылыну пункттері ретінде пайдаланылады. Автожолдарда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауа райының қолайсыздығы мен жолдардың жабылуы туралы СМС-хабарламалар алдын ала жіберіледі.

Ю. Ильин азаматтарды жолға шықпас бұрын ауа райын нақтылап, көліктің жарамдылығын тексеруге шақырды. Төтенше жағдайлар министрі өңір ғана емес, бүкіл ел бойынша да өзекті ақпарат жарияланатын «Дәрмен» мобильді қосымшасын пайдалануды ұсынды. 

«Қысқы балық аулау маусымы қарсаңында әуесқой балықшыларды тыйым салу белгілерін ескеруге және мұзға шыққанда қарапайым ережелерді сақтауға шақырамын», — деді Ю. Ильин.  

Көктемде өңірдегі өзекті мәселесі – су тасқыны. Көксарай контррегуляторының құрылысы елді мекендерде жаппай су басудың алдын алуға және халықты қауіпсіздендіруге мүмкіндік берді. Дегенмен, Ю. Ильиннің айтуынша, табиғи құбылыстар мен Сырдария өзенін болжау мүмкін емес және көктемде су тасқыны бойынша күрделі жағдай қалыптасуы мүмкін. Халықты су тасқыны қаупінен қорғау үшін Үкімет деңгейінде 2023 жылға дейінгі Жол картасы, жергілікті деңгейде - Даму жоспарлары мен жыл сайынғы су тасқынына қарсы жоспарлар қабылданды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша су тасқыны аймағында 29 елді мекен орналасқан, қазір 500 мыңға жуық (467 728 адам) азамат тұратын 23 елді мекен үшін қауіп барынша азайтылды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар министрі жергілікті атқарушы органдардан Жол картасын уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді және көктемге дейін су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізуді сұрады

Төтенше жағдайлар министрі «Байқоңыр» ғарыш айлағына да тоқталды. 

«Жыл сайын штаттық режимде зымыран тасығыштар ұшырылады. Зымырандарды ұшырудың негізгі бағыттарына төрт аудан кіреді: Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Құмкөл кен орны. Біз зымыран тасығыштардың апаттарына байланысты төтенше жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Азаматтық қорғау құралымдарының күштері мен құралдарын есептеу, оларды тұрақты әзірлікке келтіру, өзара іс-қимыл жоспарларын бекіту және «Зымыран» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу бекітіледі», — деді Юрий Ильин.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, қазіргі уақытта азаматтық қорғау қызметінің жүзден астам техникасы (121) және үш жүзден астам (361) адам дайындыққа келтірілді.

Сонымен қатар Юрий Ильин өңірде өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл және балық шаруашылықтары белсенді дамып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ облыста мұнай кен орны бар, ал Шиеліде уран өндіріледі.

Есепті кезеңде 3 өнеркәсіптік авария тіркелді, «Ақшабұлақ» және «БЕКТАС» мұнай және газ кен орындарында.

Өндірістегі авариялар мен адамдардың қаза болу деңгейін төмендету мақсатында ТЖМ бөлімшесі өнеркәсіптік қадағалауды жүзеге асырады. Облыс бойынша екі жүзден астам өнеркәсіптік кәсіпорын немесе 16 мыңнан астам қауіпті өндірістік объекті бақыланады. Есепті кезеңде 1,5 мыңға жуық (1 359) қауіпті нысан тексерілді,  мыңнан астам (1 179) өнеркәсіптік қауіпсіздікті бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 65 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кездесу барысында төтенше жағдайлар министрі қауіпті өндірістік объектілердің иелерін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Сөз соңында ТЖМ басшысы азаматтық қорғау жүйесінің даму перспективаларына тоқталды.

Біріншісі – бұл өрт сөндіру бөлімшелерін жабдықтау. Қызылорда облысы бойынша 16 бөлімше қорғауды жүзеге асырады. Бұл жеткіліксіз. Сондықтан қосымша бірінші кезекте осындай тағы 2 бөлімше қажет. Бөлімшелерде әртүрлі мақсаттағы 106 бірлік техника бар.

Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен биыл 44 өрт және құтқару қондырғысы сатып алынды. Төтенше жағдайлар министрлігі 3 өрт сөндіру машинасын сатып алды, жыл соңына дейін тағы 3 машина жеткізіледі деп күтілуде.

Сонымен қатар қосымша 22 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Олар 52 елді мекенді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді.

Екіншіден, азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлерін әлеуметтік қолдау. Белгілі болғандай, олар әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалға – тұрғын үй төлемдерінің, қызметкерлер ауысқан, қызметі жоғарылаған жағдайда көтерме жәрдемақылардың, әскери іс-қимылдарға жақын жағдайларда жұмыс үшін үстемеақының болмауы.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қызметкерлердің жалақысын санатына қарай 10-70%-ға дейін арттыруды пысықтап жатыр. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсарту және Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша жұмыс жалғасуда», — деді Ю. Ильин.

Айта кетейік, бұған дейін төтенше жағдайлар министрі Алматы қаласы, Жетісу облысы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына барды.