Тоқаев Берік Уәлиге халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде міндеттер жүктеді

2 504

Фото: Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөніндегі есебін тыңдады. Кездесу барысында облыстың инфрақұрылымын жаңғырту, инвестиция тарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және өзге де өзекті мәселелер талқыланды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Мемлекет басшысына Абай облысының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы алғашқы төрт айдағы көрсеткіштері жөнінде есеп берілді. Берік Уәлидің айтуынша, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткен. Ал 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Сондай-ақ инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталған.

 Өңір әкімі инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады. Оның мәліметінше, соңғы кезеңде инвестициялық жоба пулындағы жобалар саны 29-дан 112-ге дейін артқан. Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге ұлғайған. Ірі жобалардың қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын "Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысы бар.

 Сонымен қатар Семей қаласында құны 714 миллиард теңге болатын жаңа жылу электр орталығы және 255 миллиард теңгелік тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылуда. Облыс әкімі арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жөнінде де ақпарат берді. Оның айтуынша, Семейде жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда үш ірі жоба бойынша ұсыныстар түскен.

 Бұдан бөлек, Президентке Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы да мәлімет ұсынылды. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын жаңарту үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

 Сондай-ақ мемлекет басшысына өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй салу және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары баяндалды.

 Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде, сондай-ақ "Абайға құрмет" акциясын тиісті деңгейде жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.