Көшпенділер ойындарының нәтижесі әділ болды — Тоқаев

2 502

Фото: КабарVI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрамамыздың жалпы есепте бірінші орынға шыққаны бәріміз үшін қуанышқа толы жетістік болды. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

— Ең алдымен баршаңызды Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер шын мәнінде тамаша өнер көрсетіп, Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүниежүзіне паш еттіңіздер. Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру — нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділетке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер болды. Мен де бұл доданы мұқият бақылап, қарап отырдым, — деді Мемлекет басшысы.

Президент бірқатар елдің басшыларымен бірге Бішкекте салынған жаңа стадионда өткен Көшпенділер ойындарының көркем де әсерлі ашылу рәсімін тамашалағанын айтты.

— Мемлекет басшылары Қырғызстан Президенті Садыр Нұрғожоұлы Жапаровтың барша меймандарға көрсеткен шынайы қонақжайлығына риза болып, алғысын білдірді. Осындай маңызды жарыста ұлттық құрамамыздың жалпы есепте бірінші орынға шыққаны бәріміз үшін қуанышқа толы жетістік болды. Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі, оның 32-сі — алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі — өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті, сайыс нәтижесі әділ болды. Осыған орай Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.