Ата Заң – елдіктің символы

298

Фото: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-astrakhan/press/events/details/31022?lang=ruХХ ғасырдың кейінгі онжылдығы қазақ елі үшін ірі саяси өзгерістерге толы болды. Алдымен 1991 жылы бодандықтың қамыты біржолата сыпырылып, бабалар аңсаған егемендік қолымызға қайта тиді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап өзін демократиялық, құқықтық ел ретінде орнықтырған жас Қазақстан үшін жаңа Конституция қабылдау мақсаты тұрды. Осы мақсатқа бүтіндей халық қатысқан референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда қол жеткізіп, еліміздің бас құжаты – Ата Заңымыз қабылданды.
Еліміздің егемендігін айшықтайтын негізгі нышанның біріне баланған Конституциямыздың «Ата Заң» атануының да өз мәні бар.
Сайын далада салтанат құрған даңқты бабаларымыз үшін құқық түсінігі жат емес-ті. Ат үстінен түспеген көшпелі елдің көшелі ұлдары салт-дәстүрді жалпыға бірдей заң ретінде қабылдаса, бертін келе түбі бір түрік жұртында Төре заңы, түрлі сынақтан ысылып өткен қазақ халқында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысының» қағидаттары басшылыққа алынған, даналықпен ұштасқан дала мизамы болды.
Қызыл сөзді судай сапырған кешегі өткен би-шешендеріміздің әр кесімінің ар таразысында әділ тартылуының себебі де сақара төсінде мыңдаған жыл билік құралы болған дала заңының нағыз Конституция болғанын айқындай түседі.
Сондықтан осыдан 27 жыл бұрын республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның Конституциясы бір мағынасында заңдардың атасы деген ұғым беретін болса, терең мағынасында ата-бабамыз ұстанған заң жолының жалғасы дегенге саяды.
Тоғыз бөлім мен 99 бапты қамтитын Конституциямызда еліміздің тәуелсіздігі, мемлекеттік басқару формасы, аумағы, тілі, саяси ұстанымы, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандығы, мемлекеттік билік бөлінісі және тағы да басқа елеулі ережелер енгізілген.
Конституцияда өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсете білген Қазақстан Республикасы жарқын болашаққа қадам басқан ел екендігін аңғаруға болады. Шекарамыз шегенделуі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілуі, ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылық пен бейбітшілікті ту етіп ұстауы Ата Заңымызбен тығыз байланысты.
Азаматтарымыздың құқығын мемлекет қорғаған. Біздің елде адамдар ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша кемсітілмейді; мамандық таңдауға, еңбек етуге, отбасын құрып, оның құндылықтарын қорғауға, жеке меншігін қорғауға, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлауға, сайлануға толық құқылы. Бұл біздің негізгі заңымыз әлемнің ұстанған қағидаттарымен сәйкес келетінін, Қазақстанды толерантты ел еткенін дәлелдей түседі.
Алайда, замана көшіне ілескен қоғамда даму бірізді болмайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеп берген. Қазақта «жігіт отызында орда бұзар» деген мағыналы теңеу бар. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде біз ішкі жағдайды тұрақты етіп, алыс-жақын шетелдермен сауда-экономикалық ықпалдастық орнаттық. Ендігі жерде жаһандану үдерісінен қалыспай жаңа форматтағы мемлекет құру қажеттілігі туындады. «Жаңа Қазақстан» деп аталатын дамудың жаңа жолына түскен ел үшін Конституция да жаңаша болуы шарт.
Осы мақсатта биылғы 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Ата Заңымызға төртінші мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Өзгерістерге сай азаматтардың құқықтары бұрынғыдан да артады. Себебі, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болмақ. Ол деп отырғанымыз – табиғи байлықтардың иесі халық болғандықтан, кез келген шешімге халық жүз пайыз қатыса алады деген сөз.
Конституциялық Кеңес өз жұмысын тоқтатып, орнына араға біршама уақыт салып қайтадан Конституциялық Сот құрылмақ. Нормативтік-құқықтық актілердің конституцияға сай немесе сай еместігін тексеретін органға әрбір қазақстандық емін-еркін жүгіне алады.
Алдағы уақытта өлім жазасына да тыйым салынбақ. Себебі, ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ.  Сонымен қатар, Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Кейінгі уақытта қолданып келген пропорционалдық сайлау жүйесінен мажоритарлық сайлау жүйесіне қайтадан көшетіндігін білдіреді. Демек, халықтың заң шығару органдарына ықпалы арта түспек.
Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық міндеттер елдің болашағының қай бағытта екенін көрсете алады. Ал, болашақтың кірпішін қалау – әрбір азаматтың ортақ борышы. Сондықтан Конституциямызды баршамыз құрметтеп, бас заңды бұлжытпай орындау арқылы ғана нағыз құқықтық әрі әлем мойындаған елге жете аламыз.
Сағатбек СҮЛЕЙМЕН,
облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы