Қызылордада қаламгерлердің құрметіне арналған аллеяның жұмысы қайта жаңғыруда
Қызылордада қаламгерлерге арналған аллеяның жұмысы қайта жүріп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Аллея ашылуы 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңына жоспарланған.
Екінші рет деуіміздің себебі бар. Қызылорда қаласының экс-әкімі Ғанибек Қазантаев БАҚ өкілдерімен кездескенде сырбойылық журналистер аллея салу туралы ұсыныс айтқан болатын. Әкім уақытында "қаламгерлерге құрмет көрсету керек" деп бұл ұсынысты қабыл алды. Осылайша, 2021 жылдың желтоқсан айында Қалтай Мұхамеджанов, Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров ескерткішінің аумағынан аллеяның салтанатты ашылу рәсімін жасады.
Ақындардың жалындап жыр оқитын орны, журналистердің ойын бөліп, демалатын саябағы делінген аллеяның кейіннен аты бар да, заты жоқ болып кетті. Саябақты абаттандыру жұмысы да көңілден шықпады. Кейіннен Қызылорда қаласының әкімі ауысты. Сонда сырбойылық қаламгерлер жаңадан тағайындалған шаһар басшысы Асылбек Шәменовке аллеяның жай-күйін жеткізген еді.
Осы күні саябақ маңында қызу жұмыс жүріп жатыр. Ы.Жақаев көшесінің бойында орналасқан қаламгерлер аллеясына 42,1 млн теңге қаражат бөлінген. Қаралған қаражатқа темір пішінді кіші архитектуралық формалар, мраморлық плиткалар, сәнді орындықтар, әткеншектер және басқа да жұмыстар орындалады. Сондай-ақ, аллеяға Сыр бойының талантты ақыны Шөмішбай Сариевтің ескерткіш-бюсті қойылады деп жоспарлануда.
"Мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, қазіргі таңда "РеалСтройСнаб" ЖШС жеңімпаз атанып, жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы коммуналдық нысандарды күтіп-ұстауға қалалық бюджеттен қосымша 146,5 млн теңге қаражат бөлінді", – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Д.Бақтияров.
Жалпы, аллеяларды күтіп-ұстау жұмыстарына сырлау, әктеу, мраморларды қалыпқа келтіру және ауыстыру, қоршауларды жуу, бояу, орындық пен қоқыс жәшіктерін жөндеу, бояу, кеспетастар мен жиектастарды қалыпқа келтіру, аллеялардағы аумақты тазалау, ағаштарды әктеу жатады.
Осылайша, Қызылорда қаласының экс-әкімі Ғанибек Қазантаевтың аяқсыз қалған ісін қазіргі әкім Асылбек Шәменов жалғастырып жатыр.