Павлодарлық ару гүл сатушысының үстінен арызданды

267
Павлодар облысында бойжеткен гүл сатушысының үстінен арыз жазды. 
Павлодар қаласының тұрғыны полиция бөліміне хабарласып, гүл дүкеніндегі сатушы ақшасын қайтармағанын жеткізген. 
"Шақыртуды пысықтаған кезде бойжеткен полицейлеге Instagram арқылы анасына 8 наурызға бағасы сегіз мың теңге тұратын гүл шоғына тапсырыс бергенін айтты. Сатып алу шартына сәйкес тапсырысты алдын-ала төлеген. Белгіленген уақытта гүлді әкелген, бірақ оған ұнамаған. Ару гүл шоқтарының Instagram-дағы фотодағыдай сәнді болмағанын жеткізді", - дейді Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Қаптаев.
 Оның сөзінше, полиция қызметкерлерінің араласуынан кейін дау-дамай шешілген. Арызданған бойжеткенге ақшасы толық қайтарылған.
 Ал павлодарлық ару басқа гүл шоқтарына тапсырыс бергенін жасырмады. 
"Анамды қуанту үшін мен тағы бір шоқ гүлге тапсырыс бердім, басқа жерге, алайда анама оны 9 наурызда ғана сыйға тарттым", – дейді бойжеткен.