ҚЫРКҮЙЕКТІҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ-ОТБАСЫ КҮНІ
Отбасы - өнегенің өзі, тәрбиенің көзі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оттың басында бойыңа сіңген тәлім-тәрбие бүкіл бітім-болмысыңды айшықтайды. Адамның ала жібін аттамау, кісінің сөзін бөлмеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу тағысын тағы сол сықылды жағдаяттар балдырған сәт, бала күннен жадымызға сіңді. Қазақтың тәрбиесі қалпыңды қалыптастырмаса, қадіріңді қашырмайтыны анық. Ақылдың кені болған ақсақалдар мен тәлімнің тетігі болған аналарымыздан үлгі-өнеге жұғым етсек ісіміз ілгерілеп, тіршілігіміз татымды болары хақ. “Бесікте жатқаныңда-ақ берген білім” дегендей тәрбиенің түп тамыры шаңырақта. 2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні болып бекітілген болатын. Содан бері бұл мереке 10 жылға жуық дәстүрлі сипатта атап өтіліп келеді. Мереке қарсаңында өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов отбасы күнінің мән-маңызын айшықтап, өткізілетін шаралар легіне тоқталып өтті.
Биылғы жылы «Отбасы күні» мерекесі елімізде жаңаша форматта аталып өтіледі.
Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен арнайы тұжырымдама бекітіліп, 2-8 қыркүйек аралығында әр күнге тақырыптық бағыттар қойылды.
2 қыркүйек – «Отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз, болашақты құрамыз»;
3 қыркүйек – «Отбасын жоспарлау»;
4 қыркүйек – «Саналы түрде ата-ана болу»;
5 қыркүйек – «Дені сау ұрпақ»;
6 қыркүйек – «Мықты отбасы - мықты мемлекеттің кепілі»;
7 қыркүйек – «Отбасылық әл-ауқат»;
8 қыркүйек – «Отбасылық демалыс: бақытты болашаққа инвестиция».
Отбасы күнін кеңінен атап өту отбасы мен некені дәріптеуге, отбасы құндылықтарын насихаттауға, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, балалардың қарт ата-аналарына қамқорлық көрсетуіне, жинақталған тәжірибені жастарға ұсынуға бағытталды.