ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиында Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Сыздықова Гүлмира Жамбылқызы таныстырылды. Осыған дейін департамент басшысы қызметін атқарып келген Жаңабергенова Динара Олжабайқызы ротация тәртібімен Батыс Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметіне ауысты.
Облыс әкімі Гүлмира Сыздықованың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.
Сыздықова Гүлмира Жамбылқызы 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда медициналық училищесінде
«Емдеу ісі», Қарағанды мемлекеттік медицина институтында «Медико- профилактикалық іс», «Тұран» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1987 Қызылорда теміржол санитариялық-эпидемиологиялық станциясының маманы ретінде бастаған. 1995-1998 жылдары Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер, 1999-2023 жылдары Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 2023 жылдан осы күнге дейін Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы қызметінде болған.