ОБЛЫС ӘКІМІ НИНЬСЯ-ХУЭЙ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары жалғасуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы Нинься-Хуэй провинциясының губернаторымен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, онда екі елдің ынтымақтастығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.
Облыста 15 мұнай өндіруші компания жұмыс істейді, оның 8-і –қытайлық кәсіпорын. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен пайдалануға берілген және тұрақты жұмыс істейтін ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.
2018 жылдың желтоқсанында «Чайна Гежуба» компаниясымен бірлесіп, жалпы құны 137,8 млн. АҚШ доллары, қуаттылығы жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін зауыт іске қосылды. 2022 жылдың қазан айында «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен құны 90,4 млн. АҚШ. доллары, қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны өндіретін Қазақстандағы алғашқы шыны зауыты ашылды. Зауыт іске қосылғалы бері 31,4 млн. шаршы метрден астам, 76,7 млн. АҚШ. долларының өнімін өндірді. Оның 30%-ы ішкі нарыққа өткізіледі, ал 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады.
Бүгінде шыны кластерін құруға және түрлі шыны бұйымдарын өндіруге бағытталған жаңа ілеспе жобалар шеңберінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Былтыр маусым айында жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін әйнек шығаратын жаңа желі іске қосылды. Одан бөлек, айна, шыңдалған шыны, автомобиль әйнегі мен шыны бөтелке өндірісі бойынша жобалар бар.
Сондай-ақ, қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде.