Сыр өңірінде жүгеріні терең өңдейтін зауыт салу мәселесі талқыланды

2 298

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жаркент крахмал-сірне зауыты» компаниясының құрылтайшысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиевпен кездесті. Кездесу барысында аймақта жүгері дақылын терең өңдеу өндірісін жолға қою мәселесі сөз болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жаркент тәжірибесі – Сырға үлгі

Өткен аптада өңір басшысы бастаған делегация Панфилов ауданы, Жаркент қаласына арнайы іссапармен барып, еліміздегі жетекші өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытының» жұмысымен танысқан болатын. Зауытта жүгеріден крахмал мен сірне өндірудің технологиялық үдерісімен жақын танысып, өндірістік алаңдарды аралаған делегация мұндай жобаны Қызылорда облысында жүзеге асырудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

– Қызылорда – агро-индустриалдық әлеуеті зор өңір. Осындай маңызды өндіріс орнын біздің облысымызда да ашуға толық негіз бар. Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында зауытты орналастыруға қолайлы, егістік алқаптарына жақын орналасқан арнайы жер учаскелері қарастырылды.

Арнайы жұмыс тобы қажетті инженерлік инфрақұрылым, теміржол желісі, экологиялық және санитарлық талаптар бойынша толыққанды талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірледі, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Әкімнің айтуынша, әкімдік тарапынан инвесторларға қолдау көрсету, жер телімін заң аясында ұсыну, қаржыландыру құжаттарын әзірлеу, мемлекеттік даму институттарымен байланысты қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілетін болады.

– Біз әрбір инвестор үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Инвестициялық жобалар – өңір экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудың басты құралы. Сондықтан әкімдік тарапынан толық әкімшілік сүйемелдеу жүргізіледі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Инвестор қызығушылық танытты

Өз кезегінде Сенат депутаты, кәсіпкер Закиржан Кузиев ұсынылған бастамаға қолдау білдіріп, өңірмен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Қызылорда облысының әлеуеті жоғары. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті әкімдіктің мүдделілігі жобаның табысты жүзеге асуына негіз бола алады. Біз өндірісті әртараптандыруға мүдделіміз, – деді Закиржан Кузиев.

Жүгері алқаптарының көлемі артып келеді

Айта кету керек, Қызылорда облысында жалпы 286 мың гектар суармалы жер бар, оның ішінде 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егіс алқаптары. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және шикізатты қайта өңдеуге қолайлы база болып табылады.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғаюда. Атап айтқанда, жүгері дақылы биыл 2 490 гектарға егілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 415 гектарға артық.

Жүгеріні терең өңдейтін зауыт салу арқылы:

  • Ауыл шаруашылығы шикізатын ішкі нарықта қайта өңдеу көлемі артады;
  • Жаңа жұмыс орындары ашылады;
  • Ауылдық өңірлердің инфрақұрылымы дамиды;
  • Өңір экономикасы әртараптанады.

Алдағы уақытта бұл жоба бойынша нақты техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, инвестор тарапынан қаржыландыру көзі мен іске асыру кестесі нақтыланбақ.