Биыл облыста вегетациялық кезең қалай өтіп жатыр?

2 301

Фото: ашық дереккөзденСырдария өзеніндегі су деңгейі қандай? Су тапшылығы қайталануы мүмкін бе? Бұл сұрақтарға Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы жауап берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Инспекция басшылығы мәлімдегендей, Су ресурстары және ирригация министрлігі күрделі гидрометеорогиялық жағдайға қарамастан, егінді қажет көлемде суару үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр.

– 2025 жылғы вегетациялық кезеңнің басында еліміздегі су қоймалары орта есеппен 95%-ға толды. Вегетациялық кезеңде Қызылорда облысына 4,7 млрд текше метр су жеткізілді. Су лимиті 3 млрд текше метр болып белгіленді, бірақ каналдар арқылы одан көп су алынды. «Шардара» су қоймасына келетін су көлемі азайды. Дегенмен, егін суару маусымын аяқтау үшін қосымша 350-400 млн текше метр жеткізіледі. Оңтүстік өңірлерде каналдар арқылы кезекпен су беру кестесі бекітілді. Қызылорда облысына 53 сорғы жеткізу жөнінде келісім жасалды, – дейді инспекция басшысының орынбасары Сейітқасым Әбуов.

«Шардара» су қоймасында осы күні 235 млн текше метр су бар. «Қазгидрометтің» мәлімдеуінше, қоймаға секундына 200 текше метр, Сырдария өзенінің төменгі ағысына 150 текше метр су түсіп жатыр.

– Өткен жылдың желтоқсанынан бастап биылғы сәуірге дейін «Көксарай» су реттегішіне 1 млрд 451 млн текше метр су жиналды. Вегетациялық кезеңде соның 1 млрд 391 млн текше метрі төменге қарай тасталды. «Көксарайда» қалған судың көлемі – 20,02 млн текше метр. Бүгінгі күні облыстағы «Көктөбе» су бекеті арқылы секундына 270 текше метр, «Қызылорда» су торабынан 30 текше метр, «Қазалы» су торабынан 5 текше метр, «Ақлақ» су торабы арқылы 15 текше метр су келіп жатыр. Сонымен қатар каналдар арқылы «Қызылорда» су торабына дейін секундына 195 текше метр, «Қазалы» су торабына дейін 47 текше метр су алынуда, – дейді инспекция басшысының орынбасары.

2025 жылдың вегетациялық (сәуір мен қазан айлары аралығы) кезеңінде «Шардараға» 3 млрд 694 млн текше метр су келеді деп болжанған. 12 тамызға дейін соның 199 млн текше метрі келді. Мамандар биыл жауын-шашын аз түсіп, ауа райы қатты ыстық болатынын, ол құрғақшылыққа ұласатынын, су тапшылығы қайталануы мүмкін екенін топшылап отыр.