Шиеліде аудан әкімінің қатысуымен күріш ору науқаны салтанатты түрде басталды
Бүгін киелі Шиелі жерінде, ақ күріштің атасы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев ауылындағы “Мақсат” шаруа қожалығының егіс алқабында Сыр бойының басты дақылы, ел ырысы – ақ маржан күрішке орақ түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков шара барысында еңбек майданында алдыңғы шепте жүрген диқан қауымды алғашқы егін жинау науқанының басталуымен құттықтап, жер ананың берекесін арттырып, маңдай терін аямай еңбек еткен шаруалардың тынымсыз еңбегіне жоғары баға берді.
– “Күннің аптап ыстығы мен қара суығында, ала жаздай алқап басында жүріп, егінге көздің қарашығындай қараған еңбектеріңіз ақталып, ел ырысына айналсын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың берекесі артып, қамбамыз астыққа толы болмақ. Бұл – Сыр диқанының қайсарлығы мен табандылығының айқын көрінісі”, – деді аудан әкімі.
Биыл аудан көлемінде 1497 шаруа қожалығы жұмыс істесе, оның 268-і егін шаруашылығымен айналысады. Үстіміздегі жылы аудан бойынша барлығы 31 мың 512 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде:
•дәндi дақылдар – 14 783 га
•мал азықтық дақылдар – 10 332 га
•картоп, көкөнiс, бақша дақылдары – 5 267 га
•майлы дақылдар – 1 130 га
Ал негізгі дақылымыз – күрiш көлемі 12 301 гектарды құрап отыр. Сонымен қатар әртараптандыру бағытына ерекше мән беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда бидай – 405 гектарға, жүгері – 227 гектарға, майлы дақылдар – 212 гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары – 509 гектарға арттырылды.
Әрине, биылғы жылдың басты қиыншылығы – су тапшылығы болды. Соған қарамастан, аудан диқандары жаңа технологияларды қолданып, 9500 гектар жерді лазерлік тегістеп, 2100 гектар алқапта тамшылатып суару әдісін енгізді. Бұл – болашақта өнім көлемін арттырудың сенімді кепілі.
Атқарылған еңбектің нәтижесінде биылғы жылы диқандардың тынымсыз еңбегі жемісін беріп, әр гектардан 55-60 центнерден өнім алу күтілуде.
Еңбек мерекесіне айналған жиын соңында аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.