Жалағаш аудан әкімі әлем жүлдегерлерін қабылдады
Бүгін «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы, «Әлем Барысы» халықаралық турнирінің жүлдегері Мақсат Исағабылов пен ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов ауданға арнайы іс-сапармен келіп, жалағаштық спортшыларды қолдау және жастарға мотивация беру мақсатында кездесу өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов чемпиондарды қабылдап, қазақ спортының абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ, ел намысын қорғап жүрген палуандардың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, Алмас Өтешов – жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сол жылы Польшадағы Вроцлав қаласында жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Бұл мәртебелі атаққа алғаш қол жеткізген қандасымыз болды. Келесі жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында да осы жетістігін қайталады.
Мақсат Исағабылов – Қармақшы ауданында дүниеге келген. 2002 жылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресімен шұғылдануды бастады. Жасөспірімдер мен жастар арасында самбо, қазақ күресі және дзюдодан Қазақстан біріншіліктерінің жүлдегері әрі жеңімпазы атанды. Дзюдо және қазақ күресінен – «Қазақстан Республикасының спорт шебері», самбодан – «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері». Сонымен қатар, бірнеше мәрте ел чемпионатында топ жарып, республикалық және халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды.