Облыс әкімінің қатысуымен жаңа стадиондағы Қазақстан Kубогының финалына дайындық пысықталды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда қаласында өтетін маңызды спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі қаралды. Атап айтқанда, футболдан Қазақстан Кубогының финалдық ойынын өткізу және 11 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанаты күн тәртібіне шығарылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға облыстық басқарма басшылары, жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр қатысты.
Аймақ басшысы аталған іс-шараларды ұйымдастыруға қатысты жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, стадионда өтетін ауқымды шараға орай жедел жәрдем қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қатаң бақылауға алынатын болады. Бұл ретте патрульдік қызметті күшейту, көлік қозғалысын реттеу, жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда болмақ.
Облыс әкімі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне стадион аумағын толық зерделеп, өрт қауіпсіздігі мен жедел әрекет ету шараларын пысықтауды тапсырды. Барлық өрт сөндіру техникалары мен мамандар толық дайындықта болуы қажет.
Сонымен қатар, финалдық ойын кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, әсіресе қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нүктелерінің тазалығы мен тәртібі – ерекше бақылауда болады.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар тек спорттық мереке ғана емес, Қызылорданың өңірлік деңгейдегі ірі спорт орталығы ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді. Облыс басшысы барлық атқарылатын жұмыстардың үйлесімді және жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді міндеттеді.