ҚЫЗЫЛОРДАДА ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

1 505

ҚЫЗЫЛОРДАДА ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, қала әкімі Нұржан Ахатов «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевқа қайта жаңғыртылған Президент саябағын және аумақта жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды таныстырды. Таныстырылым барысында қаланың жаңа даму нүктесіне айналып отырған саябақ аумағының әлеуеті жан-жақты көрсетілді.

Қайта жаңартылған Президент саябағы бүгінде тұрғындардың демалыс орны ғана емес, көпфункционалды қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасып келеді. Мұнда заманауи субұрқақтар жүйесі, ашық амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары, би және демалыс аймақтары, шахмат алаңдары, баскетбол және футбол алаңдары қарастырылған.

Сонымен қатар саябақ аумағында биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі орнатылып, қала келбетіне ерекше сән беретін туристік және рекреациялық нысан ретінде ерекшеленіп отыр. Велосипед және жүгіру жолақтары тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасап, саябақтың күнделікті келушілер ағынын арттыруда.

Саябақтың жалпы аумағы 31 гектарды құрайды. Мұнда көгалдандыру жұмыстары да кең көлемде жүргізілген: 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл отырғызылып, экологиялық ортаны жақсартуға айрықша мән берілген. Бұл аумақ қаладағы «жасыл аймақтардың» негізгі ядросына айналып отыр.

Таныстырылым барысында саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында іске асырылып жатқан кешенді жобаларға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 6 гектар аумақта 300 орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектарда Ботаникалық білім беру орталығы, сондай-ақ 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар, аумақта 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың және заманауи Президенттік кітапхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысандар қала инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, әлеуметтік-мәдени дамуға серпін бермек.

Балалар тынығу лагері – жас буынның жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға арналған маңызды әлеуметтік жоба. Мұнда балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысына барлық жағдай жасалады. Лагерь құрамында спорт кешені, тұрғын блоктар, мәдени-көпшілік шараларға арналған event-аймақ, 5 киіз үй, ашық бассейн, ойын алаңдары және амфитеатр қарастырылған.

Жоба жыл он екі ай жұмыс істейтін көпфункционалды орталық ретінде жоспарланған. Бұл балалардың тек демалысын емес, тәрбиесін, шығармашылық дамуын және спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа лагерьдің 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.

Таныстырылым барысында облыс және қала басшылығы аталған жобалардың өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Президент саябағы маңындағы кешенді құрылыс жұмыстары қаланың жаңа урбанистикалық орталығын қалыптастыруға бағытталғаны айтылды.

Мамандардың айтуынша, бұл аумақ алдағы уақытта тұрғындардың демалыс, білім, спорт және әлеуметтік қызметтерді бір жерден алуына мүмкіндік беретін заманауи қалалық кластерге айналмақ.

Сонымен қатар, инвестициялық тартымдылықты арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және қызмет көрсету саласын дамыту мәселелері де назарға алынды. Бұл жобалар қала экономикасына оң әсер етіп, құрылыс және туризм саласының дамуына серпін береді.

Жиын қорытындысында Ержан Жылқыбаев аталған жобалардың жүзеге асу қарқынына оң баға беріп, олардың сапалы әрі уақытылы аяқталуының маңыздылығын атап өтті.

Президент саябағы мен оның айналасындағы инфрақұрылымдық жобалар – Қызылорданың жаңа келбетін қалыптастыратын маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда.