Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов коммуналдық қызмет салаларын тексерді
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандағы коммуналдық сала басшыларын қабылдап, әрбір сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесуде сала басшыларына тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, коммуналдық қызметтердің үздіксіз және сапалы берілуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Кездесу барысында аудан әкімі коммуналдық қызметтердің халық күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететінін атап өтіп, электр энергиясы мен ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің ерекше маңыздылығына назар аударды. Қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтай отырып, Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларына тұрғындарды уақытылы және сапалы қызметпен қамтамасыз ету, аудан орталығының тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына баса көңіл бөлу керектігін тапсырды.
Қабылдаудан кейін аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі бірнеше коммуналдық мекемелерді аралады. Олар қатарында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы, «Қазалы-Су Сервис» мекемесі, «Арал-Сарбұлақ топтық су құбырларын пайдаланушы» Қазалы өндірістік бөлімшесі және аудандық электр тарату торабы болды. Коммуналдық мекемелерді аралау барысында аудан әкімі көмір қоймаларындағы қатты отынның қорымен танысып, жылу беру маусымында ешқандай тапшылық болмау керектігін ескертті.
Сонымен қатар, аудан орталығының тазалығы мен инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Әйтеке би кентінің әкіміне көше бойындағы істен шыққан жарықшамдарды, ескірген жол белгілерін қалпына келтіру, ретсіз өскен шөптерді шабу, қоршаулар мен бағаналарды, жол белгілерін сырлау жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Аудан әкімі кәсіпкерлерге аудан орталығындағы нысандардың алдындағы тазалықты қамтамасыз ету бойынша ескерту жасау керектігін атап өтті.
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың коммуналдық сала мекемелерін аралап, тиісті тапсырмалар беруі – халықтың күнделікті тұрмысын жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл шаралар аудан тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасауға, қысқы жылу беру маусымында ешқандай қиындық туындамауына және аудан орталығының көркін арттыруға септігін тигізеді.
Аудан әкімінің қадағалауында атқарылған бұл жұмыстар тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін жауапкершілікті күшейтіп, ауданның дамуына айтарлықтай үлес қосатын маңызды іс-шара болып табылады.