Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласын аралап, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жобаларын тексерді
Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласын аралап, әлеуметтік нысандардың жағдайын, қаланың қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерін және орталық аумақтардың санитарлық-тазалығын тексерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сапар барысында алдымен аудан басшысы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі мен Ғанибай үйін көрді. Ғанибай үйі – Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі. Халық арасында «Керуен сарайы» аталып кеткен бұл ғимаратқа реставрация жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілген болатын. Аудан әкімі тарихи мәні зор мұндай ғимараттарды уақытылы күтіп ұстау, олардың қауіпсіздігі мен келбетін сақтау жөнінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Мұнан кейін Алмасбек Әбілқасымұлы қаладағы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерді аралады. Атап айтқанда, Ерлепесов, Мергенбаев, Уалиханов, Рахашұлы, Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, Хегай Гер Сек, Бәкішев, Ж.Жабаев және Жақаев сынды 10 көшедегі құрылыс жұмыстары қаралды. Биыл аталған көшелердің 5-еуі толықтай жаңғыртудан өтіп, тұрғындар мен қала қонақтарына пайдалануға беріледі. Аудан басшысы қала әкімдігі мен жауаптыларға жол құрылысының сапасын басты назарда ұстауды, құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Сапар барысында аудан әкімі орталық саябақтарды және қаланың басқа да көшелерін аралап, абаттандыру мен санитарлық-тазалық жұмыстарын тексерді. Қаладағы таза әрі көрікті ортаны қамтамасыз ету, тұрғындардың демалысына және қоғамдық қызметтерді пайдалануға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа нақты тапсырмалар берілді.
Алмасбек Есмаханов қала инфрақұрылымын дамыту, тарихи және мәдени нысандарды сақтау, жол және абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізу жөніндегі іс-шараларды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, сапар барысында тұрғындар мен кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, қала аумағындағы әрбір құрылыс және абаттандыру жобасының ел игілігіне тиімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Аудан әкімі Қазалы қаласын аралау барысында орын алған кемшіліктер мен мәселелерді дер кезінде түзету, құрылыс және абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау, қала аумағының санитарлық-тазалығын қамтамасыз ету сияқты бағыттарға ерекше назар аударды. Бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, қала ортасының көркемдігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.